KZ

Илон Маск қазақ жастарының өмiрiн өзгерте ала ма?

«Илон Маск: Tesla, Space X және таңғажайып болашаққа саяхат» кітабы қазақ тілінде жарық көрді.
SpaceX, Tesla Motors компаниясының негізін қалаушы, SolarCity, PayPal компанияларының тең құрылтайшысы туралы кітапты мемлекеттік тілге аудару идеясының авторы – кәсіпкер Марат Сүлейменов. Осынау әлемдік бизнес бестселлерді қазақ тілінде шығаруды, ол 10 жыл бұрын жоспарлапты.
Марат Сүлейменов
Фото:
http://hommes.kz
«Бұл идея 10 жыл бұрын, мотивациялық мазмұндағы әдебиетпен әуестеніп жүргенімде ойға келді. Содан бері аударуға тұрарлық, қазақ жастарына, қазақ оқырманына әсер ететіндей, сапалы кітаптар іздеумен болдым. Илон Маск туралы кітапты әуежайда сатып алып, оқып, ойланбастан оны аударуға бел будым. Бұл кітап өскелең ұрпаққа арналған және оларға көкейіндегіні жүзеге асыруға көмектесетініне еш күмән жоқ», - дейді Марат Сүлейменов.
Мараттың бұл идеясын блогер, Blackberry баспасының басшысы Бейбіт Әлібеков те қолдаған. Баспагердің айтуынша, осы кітапты оқып, шабыттанған кәсіпкер Қайрат Ахметов «Сергек» атты бенежазба жүйесін ойлап тапқан.

Ләйла Нүсіпова мен Динара Жырғалбаева әлемдік бестсселлерді тікелей ағылшын тілінен аударған. «Оған 9 ай уақыт кетті, - деген аудармашылар, - әр қазақ оқуы тиіс жаңа кітап оқырманға түсінікті әрі қызықты болуы керек, бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді», - дейді.

Айта кетейік, түпнұсқа кітаптың авторы Эшли Вэнс оны жазу барысында Илон Маскпен 50 сағаттан астам уақыт әңгімелесіп, 300-дей адаммен сұхбаттасқан. Марат Сүлейменовтың айтуынша, бұл кітапты қазақшаға аудармас бұрын, оның авторлық құқығын алу қиынға түскен. Тіпті, кітаптың мұқабасы бойынша да автордан рұқсат алуға тура келген.
Рамиль Мухоряпов
Фото:
http://hommes.kz
ChocoFamily жобасының негізін қалаушы Рамиль Мухоряповтың айтуынша, Илон Маскке сенетін балалардың қатары артқан сайын, әлемде қолынан іс келетін, амбициясы жоғары жастар да көбейе түспек. Оның пікірінше, бұл жоба қазақ тілінің мәртебесін көтеріп қана қоймай, білім жүйесіне де оң әсерін беретіні анық.

«Мен бұл кітаптың орысшасын оқып, шабыт алдым, сол себепті де бұл кітаптың көпшілік үшін қолжетімді болғанын қалаймын. Біздің елде талантты балалар өте көп. Олар да Илон Маск сияқты әлемді мойындатып, Қазақстанда ғана емес, жаһандық тұрғыда керемет жобаларды іске асыра алатынына сенемін. Сондықтан да жастарды осы кітапты оқуға шақырамын», - деген ChocoFamily жобасының басшысы, бүгінде жастар үшін ағылшын тілі де өте маңызды екенін ескертті. «Себебі жаңа, озық технологиялар алдымен ағылшын тілінде шығады. Егер ағылшын тілін білмесең, жаңалықтарды кеш естіп, көп білімнен құр қаласың», - деп кеңес береді Рамиль Мухоряпов.
Расул Абдуллаев
Фото: http://hommes.kz
Әйтсе де YuFrame жобасының менеджері Расул Абдуллаевтың пікірінше, мұндай контентке қазақша одитын аудиторияның сұранысы өте төмен. «Мен бұл кітаптың орысшасын оқыдым. Илон Масктың өмірбаяны қазақ тілінде шыққанына қуаныштымын. Бірақ, қазақтілді аудитория тарапынан мұндай контентке сұраныс аз. Бізде қазір ойын-сауық, шоу сынды жобаларға қызығушылар көп. Олардың арасында Илон Маскты танымайтындар да болуы мүмкін», - дейді Расул Абдуллаев.

Айтқандай, Эшли Вэнстың «Илон Маск: Tesla, Space X және таңғажайып болашаққа саяхат» кітабында Илон Маск PayPal, Tesla Motors, SpaceX және SolarCity компанияларының қалай құрылғаны туралы қызықты оқиғаларымен бөліскен. Онда әлемдік деңгейдегі танымал кәсіпкердің өмірі баяндалады.

Ал, қазақшаға аударылған жаңа кітаптың таныстырылымына жиналған алматылық кәсіпкерлер, блогерлер мен журналистер – оның республика деңгейінде көпшілік оқырманға таралуына барынша қолдау көрсету мақсатында, бірнеше данасын сатып алып, мектептер мен кітапханаларға жеткізіп беруге уәде етті.

Мейірім БАҚЫТЖАНОВА

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda