«Біздің балалар көрнекілік құрал емес»
«Мүгедектігі бар адамның әу бастағы қиындығы ол дүниеге келгеннен басталады. Кемістігі бар сәбиін қолға алудың өзі жас ана үшін үлкен сынақ. Оның осы кезден бастау алатын психологиялық, психикалық күйі оңай қабылдана қалатын процесс емес, - дейді психолог Мира ДӘУЛЕТҚЫЗЫ. - Жұмыс барысында олармен жиі әңгімелесемін. Біле білсеңіз, олардың бала күтімінен бөлек өзге де ауыртпалықтары жетіп асады. Тұрмыстық қажеттілік заттарының (жол қатынасы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қимыл қозғалысына арналған құралдар, аппараттар, т.б.) жетіспеуінен бөлек, жас аналарды қажытатын жағдай көп. Олар бұл мәселеде, ең алдымен, қалыпты адамдардың өздерін қабылдай алмайтынына, кемсітушілікке жол берілетініне шағымданады. «Журналистер, қоғам белсенділері, тіпті, әртүрлі орталықта жұмыс істейтін қызметкерлер біздің балаларды, ең алдымен, өздеріне көрнекілік зат ретінде пайдаланғысы келетіні ұнамайды» дейді кейбір аналар. Біз оларға психолог маман ретінде жағдайды түсіндіруге тырысамыз, ол ойларының көп ретте бұрыс екенін, қоғам белсенділері мүгедектігі бар адамдарға шын ниетімен көмектескісі келетінін айтамыз».
Мира Дәулетқызының пікірінше, біздің демократиялық, құқықтық делінетін қоғам бойында әртүрлі ерекшелігі бар адамдарды, яғни, тастанды балалардан бастап, жазаға тартылған адамдарды, жынысқа бөлінушілікті (трансгендер түсінігін), тіпті, баласы суицидтен қайтқан отбасын, одан берірек қарасақ, әлеуметтік жағдайы өздерімен сәйкеспейтін адамдарды (бай мен кедей психологиясы) дұрыс қабылдай бермейтін жағдайлар кездесіп жатады.
Олай болса, біз инклюзивті қоғам, инклюзивті орта құруға дайынбыз ба? Мұндай ұғым, мұнай ұстаным біздің қоғамда қалыптасты дей аламыз ба? Теңқұқылық идеясы бізде бір жолға қойылған ба?