Жастарға мемлекет, қоғам тарапынан көмек, қолдау, сенім бар ма?
Көмек пен қолдау бар. Сенім бөлек әңгіме. 11 жыл мектепте, 4 жыл жоғары, не арнайы оқу орнында тегін оқисың. Бұл – көмек. Ал әлемде әріп танымайтын қаншама адам бар?!. Қолдау… Егер қандай да бір қырыңмен, өнеріңмен танылсаң, сені билік қолдамаса да, мемлекет, яғни айналаңдағы өзіңді ұғынатын адамдар қолдайды. Осы жерде ашып алайық. Мемлекет – тек қана билік емес, сонымен бірге осы елдің тұтас халқы да. Сен білім алсын деп, басқалар жұмыс істейді, мемлекеттік бюджетке ақша төлейді. Оған мектептер салынады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Жеке өз ойым: адамға ең керек екі нәрсе – білім және өз біліміне сай жұмыс. Қай деңгейде ізденесің, сол деңгейде жұмыс табасың (аға, көкені қоспағанда).
Енді сенімге келейік. Шынымды айтсам, мен, өз қатарластарыма да, өзіме де сеніңкірей бермеймін. Өйткені, біздің арамызда романтиктер көп. Біз біреу титтей жақсылық жасаса, сол адамды көкке көтереміз де, ертең сол адам жамандық істесе, жеті қат жерге көміп тастаймыз. Бізде көп нәрсеге объективті көзқарас жоқ. Не жақтаймыз, не даттаймыз. Және өз пікірімізді айтуға аздап жасқанамыз. Аздап дейтінім, біз, пікір айтуды, әсіресе, өз пікірімізді айтуды енді үйреніп келеміз. Бір қуанатыным – қорқақтық жоқ... Мемлекет бізге сене ме? Меніңше, сенеді. Қазір өзгеріс туралы айтатын жастарды қолдайтын аға буын өкілдері өте көп. Жалпы, «өзгеріс болса, сендерден болады» дейтіндер баршылық.
Біздің қоғамда мүгедектігі бар жастар өзгелермен тең құқыққа, тең мүмкіндікке ие ме? Қай мәселеде озық, қай мәселе кемшін?
Егер дәл жастар туралы айтар болсақ, тең мүмкіндік жоқ. Біріншіден, бәрі білімге келіп тіреледі. Біздің елде қазір дипломсыз жұмыс табу қиын, ал мүгедектігі бар адамға дипломсыз жұмыс табу тіптен қиын. Неге жоғары білімі жоқ? Себебі, орта білім де жетісіп тұрған жоқ. Мен мектепке әке-шешемнің жанкештілігі арқасында бардым. Ал көп баланың туыстары бұл мәселеге бас қатырғысы келмейді. Үйден оқытады. Сосын ол бала 9-сыныпты бітірді деген аттестат қана алады. Әрі қарай арнаулы білім алса – алды, алмаса, жақындарына масыл боп қалады. Тағы бір жағдай, әсіресе, ауылды жерлерде – сол мүгедектігі бар баланың жәрдемақысымен және оның күтіміне берілетін ақшамен күн көріп отырғандар да баршылық. Соны басты табыс көзі қылып алғандар бар. Сондықтан, бірінші, екінші, үшінші кезекте, тек, білім, білім және білім керек.