Адамзаттық идея керек...
Әлем әдебиетіндегі еркіндік ұстанымы, тақырыпты өзінің тәуелсіз санасы тұрғысынан ұсыну бізде кездесе ме?
Мысалы, Жан-Поль Сартр, Бодлер, Камю, Байрон, Лорка, Жорж Санд, Франсуаза Саган, Марина Цветаева, т.б. ақын-жазушылардың болмысы еркін, тәуелсіз болды. Ешкімге, тіпті, өздеріне де бағынған жоқ. Олар сол болмысынан, еркіндігінен, тәуелсіздігінен аз азап шеккен жоқ. Бодлер мен Лорка «Құлағыма Құдай сыбырлай ма, әлде Ібіліс пе?» деп шарқ ұрды. Олар сол еркіндігі үшін аз құн төлеген жоқ. Өз басым шектен тыс еркіндіктен қорқам. Шектен тыс еркіндік адамды Құдайдан алыстатады... Осы ақын-жазушылардай еркін болмаса да, оларға «жақын» ақын-жазушылар бізде де бар. Бірақ олар шығармашылықта өздерін «жасыра» біледі. Бір жағынан, оларды түсінемін. Себебі, біздің менталитет басқа, оларда «оқырман қабылдамайды» деген үрей бар. Қазақ жазушыларының көпшілігіне еркіндік, сананың тәуелсіздігі жетіспейтін секілді. Сосын мойындайық, мойындамайық, біздің қоғам жасандылықты жақсы көреді. Сол себепті, көптеген ақын-жазушылар қоғамға ұнайтын «образ» жасаймын деп өз «Менінен» айырылып қалады. Ал «Мені» болмаса (жақсы мағынада) шығармашылық адамы ештеңе жасай алмайды. Ол сауатты, көзі ашық, ойлау жүйесі терең оқырманның емес, тобырдың қошеметіне бөленеді. Кейіннен қаламгерге сол қошемет ұнап, ол сол жасанды образдан шыға алмай қалады... Ресейде Буниннің көркем тілін іздеп, шарқ ұрып жатқан әдебиеттанушы көрмедім. Шынында да, Буниннің тілі көркем. О баста өлең жазған, өзін ақын сезінгісі келген. Байқасаңыз, поэзиядан прозаға келген жазушылар тіл жағынан ерекшеленіп тұрады. Өз басым Бунинді оқығанда, поэзия құдыретін сезінем. Көркем, тілі шұрайлы, бірақ Толстой, Золя, Достоевский секілді санаңды сілкілемейді. Қазақ жазушылары әдебиеттен әлі кестелі көркем тіл іздеп жүр. Біреулердің пайымынша, көркем тілсіз әдебиет – әдебиет емес. Әлемдік әдебиеттің тенденциясын бақылап отырса, олар мұндай пікір айтпас еді. Мысалға, Теодор Драйзердің тілі шұрайлы деп кім айтты? Достоевскийдің тілі туралы мүлдем әңгіме қозғай алмайсыз, себебі, көптеген өңдеуді қажет етеді. Бірақ оларда адамзаттық идея бар. Әрине, көркем тіл қажет, бірақ адамзаттық идея айтпаса, көркем тіл жазушыны «құтқармайды»... Әлемдік әдебиеттің тенденциясы: публицистикалық сарын басым болмаса, тілі тым жұтаң болмаса, бірақ адамзаттық идея көтерсе; сюжеті, тақырыбы адамзатқа ой салса, аққиатты танытып, бүкіл адамзаттың бір-біріне деген мейірімін оятса, ұйықтап жатқан саналарды сілкілесе, міне, сол құнды шығарма. Ал, бізде жасы бар, жасамысы бар пікір айтса да, мақала жазса да, идеяны емес, көркем тілді «шам салып іздейді», содан-ақ олардың әлем әдебиетінің тенденциясын, жалпы, әлем әдебиетін аз білетінін байқауға болады. Мойындау керек, біздің жазушылар оқырманға тәуелді. Қаржы жағынан емес, әрине, «Не айтады, қалай қабылдайды? Өз өмірін жазып жатыр деп менен теріс айналатын шығар, бұл туралы әсте жазуға болмайды» деп бастарына программа орнатып алған. Ал, Америка, Еуропа, орыс әдебиеті бұл жағынан оқырманға тәуелді емес. Бізде шындықты айта алатын адамдар аз, ақын-жазушылардың арасында олар саусақпен санарлық қана. Шындықты айта алатын, жаза алатын адамдардың жазбасынан адреналин алатын адам көп. Бірақ олардың көпшілігі бойындағы адреналин «тарқағасын» шындық байғұсты көмуге, жерлеуге асығады...
Қазақ жастары өздерін тұтас ғалам мүшесі ретінде сезіне біле ме? Ғаламдық деңгейде қазақ жастарының орны қандай?
Бізде потенциалы мықты жастар бар. Тек, уақыт, жоқшылық, қоғамдағы әділетсіздіктер олардың көпшілігін басып, жаншып тастаған. Мәскеу физика мен математикаға қабілетті талай жасты университеттерінде оқытып, потенциалын пайдаланып жатыр. Оларды Қазақстан іздемеген соң, Мәскеуде қалады не Америкаға, Еуропаға кетеді... Өзімізді «кішкентай ұлт» сезіну – бұл біздің комплексіміз. Бұл комплекстен арылмай, біз дамымаймыз. Он миллионнан аспайтын халқы бар Венгрияны алыңыз. Химия, физика, әдебиет саласынан Нобель сыйлығының иегерлері шыққан. Кішкентай Финляндиядан да Нобель сыйлығының төрт иегері шыққан... Әлемдік деңгейге шығуға, танылуға потенциалы, білімі жететін жастар бар: оларға қолдау керек. Ғылым туралы айта алмаймын, ал әдебиетіміздің әлемдік деңгейге танылуына потенциалы жетеді.
Рахмет, шығармашылық табыс тілейміз!
Шолпан ҚАРАЕВА