KZ

Волонтер болу оңай ма?

Ұлттық волонтерлік желінің хабарлауынша, бүгінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қызметіне тартылған.
Ашық мәліметтерге жүгінсек, 2019 жылдың басында Қазақстанда 170-ке жуық волонтерлік ұйым тіркеліпті. Айтқандай, мұқтаж жандар мен түрлі апаттан зардап шеккен жерлестерімізге ресми тіркелмеген топтар мен жеке тұлғалар да көмек қолын созуда.
Бүгінгі қоғамның батырлары кімдер, олар кімге көмектесіп жүр? Қазіргі жастар волонтерлік қызметті қалай түсінеді? Волонтерлерді қоғам қалай қабылдайды?

Қазақ халқында «Көп түкірсе – көл» деген сөз бар. Үй салып, қорасын жөндегенде, егін орып, бақшасын жиғанда шамасы жетпей, жұмысы өнбей жатса – ағайын-туыс, көрші-қолаң, достары жиналып, қайтарымсыз көмек көрсетіп «Асар» жасаған. Егер отбасы қайғылы жағдайға ұшырап, үй-жайынан, малынан айырылса – ауыл болып «Жылу жинап», қолдарынан келген көмегін көрсеткен.

Қазақтың ежелден келе жатқан осындай салт-дәстүрлерін қазіргі волонтерлер де жоқтатпай келеді. Олардың басты мақсаты – қоғамға қызмет етіп, мұқтаж жанға көмек беру. Сондай жанның бірі – атыраулық Арман ҚАСЫМОВ.
Суретте: Арман Қасымов, волонтер, Атырау қ.
Арман Қасымов Атырау облыстық жедел жәрдем станциясында 11 жылдан бері тегін қызмет көрсетеді. Негізгі жұмысы мұнай және құрылыс саласында, ал бос уақытында ол жедел жәрдем станциясында волонтер.

«Медицина саласына волонтер болуымның көптеген себебі бар. Солардың бірі – жедел жәрдемнің науқасқа кеш жетуі. Мұндай кезде кінәні дәрігерлерден іздеп, әлеуметтік желіде теріс пікірлер қаптап кетеді. Бірақ, мұнымен мәселе шешілмейді. Сол себепті де мен бос уақытымда осында келіп, тегін жұмыс істеп, аз да болса, медицина саласына үлес қосқым келеді», - дейді ол.

Арман алғашында санитарлық көліктердің іші-сыртын жуып, көліктің дөңгелегін ауыстырып, зембіл тасыған. Ол бұл ісіне арланбайды, қайта адам өміріне араша болатын дәрігерлердің жұмысын жеңілдете алғанына қуанышты.

«Біз волонтерміз, - дейді Арман, – сондықтан да медициналық білімді талап етпейтін қарапайым жұмыстарды орындаймыз. Сонда дәрігерлер артық шаруға бас қатырмай, тікелей өз міндетін атқарады. Сол арқылы жедел жәрдем бригадасының науқасқа жеделдетіп жетуіне қолдан келгенше көмек көрсетсек дейміз».
2019 жылдың басында Арман Атырау облыстық жедел жәрдем станциясының басшысымен ақылдасып, волонтерлер тобын құрған. Қазіргі уақытта мұндағы волонтерлер саны 15-ке жуық. Олар қала тұрғындарының медициналық сауатын ашу мақсатында дәрігерлермен әртүрлі кездесу ұйымдастырады. Онда жедел жәрдем дәрігерлері алғашқы көмек көрсетуді үйретіп, тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жауап береді.

«Кездесуге келген адамдар ойындағы сұрақтарын қоя алады. Мысалға, бір келіншектің баласы қояншық ауруымен ауырады екен. Олар жедел жәрдемді жиі шақырады. «Дәрігер келгенше, өз қолыммен қандай көмек көрсете аламын және не істеу керек?» деген сұрақ қойды ол кездесудің бірінде. Сол жерде біздің дәрігерлер манекендерді қолдана отырып, науқасқа алғашқы көмек көрсету жолдарын түсіндіріп берді», - дейді волонтер.
Арманның пікірінше, медицина саласында волонтер болу үшін батылдық керек. Бірақ олар мұнда адам емдемейді. Әр волонтер жедел жәрдем станциясына қолынан келген ісімен көмек көрсетеді.

«Мысалға, видео- мен фотоның тілін жақсы білетін адам аурухана үшін сапалы да тегін бейнеролик түсіріп, инфографика жасайды, яғни ол да жедел жәрдем станциясының волонтері. Атыраудағы асханалардың бірінің басшысы жұмыс уақытында жедел жәрдем формасымен келген қызметкерге 50% жеңілдікпен кешенді түскі ас береді. Ол да біздің топтың бір мүшесі», - дейді Арман Қасымов.

Волонтер болу өзіндік тәуекелді талап етеді. Айталық, дәрігер келеңсіз жағдайға тап болса, мемлекет оның емделуіне жағдай жасайды. Ал волонтерлер олай қорғалмаған. Волонтер үшін ешкім жауап бермейді.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп тағайындады. «Осы жаңалықты естігенде қатты қуандым, - дейді 11 жыл волонтерлік тәжірибесі бар Арман. - Әлемде еріктілер қозғалысы 50 жылдан бері кең танымал. Дамыған елдерде волонтерлік ұйымдардың жұмысы ел дамуына үлес қосуда. Шетелдерде еріктілер қатарында қызмет еткен оқушы, студенттердің оқып жүріп жинаған тәжірибесі кейін олардың жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Ондағы жұмыс берушілер де волонтерлік тәжірибеге үлкен мән береді. Біздің елімізде, соның ішінде Атырауда соңғы он жылдықта еріктілер қозғалысы жақсы дамып келеді. Қайырымдылықпен айналысып, салауатты өмір салтын насихаттайтын ұйымдар, экологиялық еріктілер көптеп жұмыс істейді. Бірақ, олардың өмірлік тәжірибесі түйіндемеде жазылмайды, жұмысқа орналасуына көмек бермейді. Жұмыс берушілер оны шарт ретінде қабылдамайды. Сондықтан 2020 жылы, яғни «Еріктілер жылында» осы мәселелер өз шешімін тауып жатса, үлкен жетістік болар еді. Еліміздегі еріктілер саны 2-3 есе артып, ол қоғамның дамуына, жастарды тәрбиелеуге орасан зор үлес қосар еді».

Арманның пікірінше, әр адам өзіне жүктелген шаруаны адал әрі жауапкершілікпен атқарып, өз ісінде білікті де шебер маман бола білсе – бұл да елге, халыққа, қоғамға тигізген пайдасы деп түсіну керек.

Мейірім БАҚЫТЖАНОВА

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda