KZ

Болашақ бүгiннен басталады

«Мүлдем бөтен екендігіме қарамастан, олар жылай отырып өздерінің оқиғаларымен бөлісті... Жан дүниесін ашты. Олардың әрқайсысы өздерін осы ән арқылы тапты...»
Көпшілік мән бере қоймайтын, алайда біздің қоғам үшін қазіргі таңда аса өзекті бірқатар сұрақтардың жауабын біз KALIYA, яғни танымал әнші Ақмаржан КӨШЕРБАЕВА мен бірлесіп іздеп көрдік. Эстрада жұлдыздарының ішінде #қызтағдыры жобасын жүзеге асырып, арнайы ән шығару арқылы бозбала мен бойжеткен мәселесіне ден қойған жалғыз әнші бүгінде UNFPA ұйымының ресми спикері.
КӨП ҚЫЗБЕН МҰҢДАС БОЛҒАН ӘН...

Ақмаржан, Сіз қыз тағдырына қатысты әнмен қоғамға ой салған алғашқы әнші шығарсыз. Әнсүйер қауым бұл әнді қалай қабылдады?

Мүмкін солай да шығар, бірақ «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Үкілі кәмшат» әндері де ұлы даланың мақтанышы, ұлт көркі болатын біздің қазақтың қыздары, жалпы, қыз тағдыры жайлы. Тыңдаушылар дегенде, кейбіреулер «Қыз тағдыры» жүрекке тиді десе, енді бірі түсіне алмай, «түк мағынасы жоқ» десті. Анығын айтсам, біздің жобамызға кезінде телеарналар да аса қызыға қоймады. Олардың айтуынша, телекөрермен телеарнаны қосқанда «жайсыздықты сезінбеуі керек»... Меніңше, әрбір адам өзінің ар-ұятымен іштей жүздесіп, әрқайсысы өз сеніміне сүйеніп әрекет етеді.

Ән танымал бола бастағанда, көмек сұрап, хабарласқан қыздар болды ма?

Иә, көп қыздар маған хат жазып хабарласты және мен, тіпті, олармен кездескен кездерім де болды. Мүлдем бөтен адам екендігіме қарамастан, жылай отырып өздерінің оқиғаларымен бөлісіп, жан дүниесін ашты. Олардың әрқайсысы өздерін осы ән арқылы тапты.

Өзге өнер жұлдыздары да қолдаған болар? Бірігіп, тақырыпты жалғастыру жағынан ұсыныс болған жоқ па?

Ондай ұсыныс түскен жоқ. Бірақ, көптеген танымал тұлғалар әнге жылы лебіз білдіріп, жобама ат салысты. Осы тақырыпқа қатысты мәліметтермен әлеуметтік желідегі өз парақшаларында бөлісті...

Клипті ойын-сауық арналарына шығарумен қатар, арнайы кампания ұйымдастырылды ма, айталық, мектептерде не басқа да орындарда кездесулер деген сияқты? Клиптегі түпкілікті ойды халыққа жеткізу жағына тоқталсаңыз...

Бейнебаян телеарналар, әлеуметтік желілер және youtube каналдары арқылы кең тарап кетті. Бұған қоса БҰҰ UNFPA– халықты қоныстандыру саласындағы қорымен бірлесе отырып, дөңгелек үстелдер мен пікірталастар ұйымдастырылды. Оған үкімет мүшелері мен Мәжіліс депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Сондай-ақ, ҚР Президентінің әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының, «Сорос-Қазақстан» қорының, ҚР шығармашылық әйелдер лигасының қолдауымен #әйелдіаяла атты кең ауқымды республикалық жоба жүзеге асты. Біз ҚазМУ сынды жоғары оқу орнында жастармен кездесіп, жыныстық қатынасқа қатысты денсаулық мәселесін талқыға салдық, Алматы қаласындағы мектеп басшыларымен кездестік.Бұл тұрғыдағы шаралар әлі де өз жалғасын табуда, жалпы, республикалық деңгейде.
ӨНЕР ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Бұл бастамаңыздың қоғам үшін алатын орны ерекше. UNFPA спикері болған күннен өміріңіз өзгерген шығар?

Өзімнің жеке бастамам «Қыз тағдыры» әні қыздың нәзік тағдырына арналып, UNFPA қорымен біріккен үлкен жобаға айналды. Қазіргі танда мен осы жобаның спикерімін. Иә, әлеуметтік жауапкершілік жайлы сөз қозғағандықтан, көпшілік алдына шығасың, қоғам ішіндегі жағдайдан шетте қала алмайсың. Дүниеге сәби әкелердегі әйелдің денсаулығы туралы, жасөспірімдерге жыныстық қатынас жайлы тәрбие беру және ерте жастағы жүктілік мәселелерін қарастыруды өз жауапкершілігіме алдым. Бұл қоғам тарапынан талқыға салынуы тиіс түйінді мәселелердің бірі, тақырып тереңнен зерттеп-зерделеуді және жүйелілікті талап етеді.

Жалпы, UNFPA Сізге спикер болуды ұсынғанда, «неге мен» деген сұрақ ұялаған шығар?

Шын мәнінде, бұл кездейсоқтық емес. «Қыз тагдыры» бейнебаянын түсірген кезде статистикалық мәлімет қажет болды. Осылайша UNFPA қорына шықтық, себебі олар ерте жастағы жүктілік мәселесін көтереді. Қор өкілдері бізге барлық қажетті ақпаратты беріп, қамқорлық танытты және оған қоса біздің жобамызбен жақынырақ танысып, әріптестік құруды ұсынды.

UNFPA жұмысын Қазақстанда жүргізу үшін белгілі бір жоспар бар ма, жалпы, бұл бағытта қандай жұмыс және қалай жүргізіледі?

UNFPA – БҰҰ-ның тұрғын халық саласындағы қоры, бұл Біріккен ұлттар ұйымының дені сау ұрпақ жалғастыруды және ұрпақ жалғастыру құқығын қорғайтын жетекші агенттігі болып табылады. Ұйымның негізгі мақсаты: әлемде татулық орнату, яғни жер бетіндегі әрбір жүктілік жан қалауымен жүзеге асып, әрбір әйел қауіпсіз жағдайда босануы керек және әлем бойынша барлық жастар өз мүмкіндігін қолдана білуі тиіс. Қор көптеген бағыттарды қамтыған. Бірінші кезектегі мақсаттары: мейірімді жастарды қолжетімді қызметпен қамту; қолжетімді ақпарат және біліммен қамтамасыз ету; белсенді жасөспірімдерді және жастарды қолжетімді контрацептивтермен қамтамасыз ету. Осы үш манызды негіз болмаса, қазіргі жағдайды өзгерту мүмкін емес. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін, UNFPA стратегиялық серіктестермен: ҚР Парламенті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Аймақтық мемлекеттік билік және басқару органдарымен бірлесе жұмыс жүргізеді. UNFPA, сондай-ақ қазақстандық үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) бірлесіп зерттеулер жүргізеді, статистикалық деректерді жинап, тренингтер өткізеді, пилоттық жобалар ұйымдастырады. Сондай жобалардың бірі, мысалға, мектептерде, колледждерде адамгершілік-жыныстық тәрбие жайлы білім беру. Кейбір аймақтарда мұндай жобалар сынақтан сәтті өтті. Енді осы тәжірибенің негізінде жыныстық тәрбие пәнін ары қарай мектеп бағдарламасына ұлттық деңгейде енгізуге әбден болады. Менің міндетім – жастар жыныстық қарым-қатынас кезінде өз денсаулығына қатысты ақпаратты білуге құқылы екенін қоғамға және ата-аналарға жеткізу. Жасөспірімдерді 100% дерлік тек мектептер арқылы қамтуға болады. Мұндай сұрақтарды тек ата-анасының қалауына қалдыруға болмайды, барлық бала өзінің тәні, денесі жайлы толық ақпарат алуға және жыныстық өмірдің салдарын білуге құқылы. Ең бастысы – баланы сауатты да салауатты өмірге дайындау.
ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ...

Жыл сайын зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдер, кәмелеттік жасқа жетпей, аяғы ауыр болып, өмірлеріне қауіп те төнетін бойжеткендер жайлы деректер көбейіп барады. Мектеп қабырғасынан балаларды сауаттандыруға қатысты ағартушылық жұмыстар жеткіліксіз сияқты. Бәлкім, бұл тұрғыда отбасы мүшелері ат салысатын шаралар керек шығар?

Бұл мәселе бойынша нақты бір жауап жоқ. Әрине, отбасындағы тәрбиенің балалар үшін маңызы зор, бірақ әрбір ата-ана тәрбиеге қатыстының бәрін өзі де біле бермейді немесе балаға еш түсіндірусіз, әншейін, тыйым салумен шектеледі. Тәрбие жасындағы балаларды 100% тек мектепте ғана қамтуға болады, сондықтан балаларға жыныстық тәрбие беруде ғылыми негіздегі ақпаратты арнайы оқытылған мамандар дәріс арқылы жеткізуі қажет. Жасыратыны жоқ, көптеген балалар өзін мазалаған қарапайым сұрақтарды ата-анасына қоюға батпайды. Сондықтан да, менің ойымша, адамгершілік, жыныстық қатынастағы сауаттылық жайлы пәнді мектептер мен колледждерде енгізуді ескеру қажет.

Әлемдік тәжірибеде бұл бағытта жұмыс қалай жүреді екен? Елімізге қандай жаңалық енгізуге болады?

Бұл тұрғыдағы көрнекті мысалдардың бірі – Эстония. Эстониядағы UNFPA қызметкерлері бізбен өз тәжірибелерімен бөліскен-ді. Олар мектептерде адамгершілік, жыныстық қатынастағы сауаттылыққа қатысты бағдарламаны енгізген күннен бастап, білім ошақтарындағы ерте жастағы жүктілік, медициналық түсік, сондай-ақ жыныстық аурулардың өршуі сынды көрсеткіштер төмендеген. Қазір, тіпті, кейбір көрсеткіштер нөлге дейін жеткен. Эстонияда жыныстық өмірді бастаудың орташа жасы – 17! Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 14 жас екені анықталған. Аталған пән жыныстық мәселелермен қатар, өзара қарым-қатынас, өзара сыйластық мәселелері және есірткі мен алкогольдік сусындарды қабылдау және т. б. қамтиды. Эстонияда жастардың медициналық орталығы ашылған, онда жоғары санаттағы мамандар жұмыс істейді, жастарға тегін контрацептивтер беріледі. Өйткені ол жасөспірімдердің бәріне бірдей қолжетімді емес. Осылайша үш бағытта жүрген үйлесімді саясат оларда адамгершілік пен жыныстық қатынастағы сауаттылық, қолжетімді контрацептивтер және тегін медициналық қызмет көрсету мәселесінде өз жемісін берді. Әрине, бұған қол жеткізу үшін елеулі уақыт керек болған, дегенмен жастардың дені сау, білімді ұрпақ қалыптастыру үшін бұл саясат жарады! Айтпақшы, эстондық мамандардың айтуынша, бір жылдары үкімет, жастар арасында жыныстық қатынас арқылы тарайтын инфекциялар мен ерте кездегі жүктілік көрсеткіштері төмендеді деп, адамгершілік, жыныстық қатынас тұрғысындағы сауаттылық сабағын мектеп бағдарламасынан алып тастауға шешім қабылдайды. Сол-ақ екен, жағымсыз көрсеткіштер қысқа мерзімде күрт өсіп, оң нәтижеге қол жеткізу үшін, бірнеше жыл кететіні дәлелденген.

Табиғатымызда сырын сақтаған халықпыз. Бірақ, «ауруын жасырған – өледі» деген де ата сөзі бар. XXI ғасырда бізге өзгеру керек те шығар. Жалпы, ұлттық тұрғыдан алғанда, бәлкім, мемлекет тарапынан үлкен кампания керек деп ойламайсыз ба?

Қазіргі уақытта UNFPA жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынас бойынша сауаттылықты көтеріп, ерте жастағы жүктілікті шешудін нақты жолдарын ұсынып отыр. Колледждерде және бірнеше облыс орталықтарында кездесулер өткізілді. Нәтиже бар. Адамгершілік, жыныстық қатынас жайлы тәрбие пәнін енгізу керек екені сөзсіз! Жасөспірімдерге контрацептивті тегін берудің экономикалық негізі бар, сол себепті бұл жоба мемлекетке пайдасын тигізеді. Медициналық орталықтарға келсек, мұндай орталықтар елімізде бар, бірақ олар туралы ешкім білмейді және бұлар қалалық емханалар базасында тіркелген қарапайым кабинеттер. Жұмыс жүргізілуде, бірақ кейде пәнді енгізуге ата-аналардың өздері кедергі келтіреді, себебі олар мұндай пән баланы ақпараттандырмайды, керісінше жыныстық қатынасқа итермелейді деп қорқады. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге және нақты көрсеткіштерге сүйенсек, алдын-ала ақпараттанған бала барлық жауапкершілікті сезінгендіктен, жыныстық қарым-қатынасқа түсуге асықпайды екен.

Шоу-бизнес өкілдері, жұлдыздар халыққа бір табан жақын, мүмкін солардың сөзі өтер...

Иә, танымал адамның ақпараттық науқан кезінде маңызы зор, өйткені олардың аудиториясы ауқымды және әлеуметтік желілердің дамуына орай, олар маңызды мәліметті көпшілікке жедел жеткізе алады. Тіпті, өнер майталмандары мен мемлекет арасында көпір бар, егер маңызды әлеуметтік тақырыптар кино, әдебиет, музыка, спорт салаларында тараса, өз әсерін берер де еді. Жариялылықтың арқасында танымалдылығың артады және жанкүйерлердің мақтанышына бөленесің. Бірақ, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік, себебі ақпарат бүкіл халыққа жайылады. Әлеуметтік мәселелермен айналысуға танымал тұлғалар бірден бара қоймайды, бұл үшін белгілі бір білім әрі бойда сенім болу керек деп есептейді. Әрине, бұған дайын болу керек. Дегенмен, екінші жағынан алып қарасақ, әлеуметтік жобаларды қаржыландыру мәселесі туындайды. «Кыз тағдыры» әнімен қатар бәрімізге белгілі «Зың-зың-зың» әні шықты. Егер біздің ән youtub-тe бір айда 3000 рет қаралса, «Зың-зың-зың» қараушылары миллионға жуықтаған. Сонда қыздың нәзік тағдыры манызды болмағаны ма? Ол жайлы жазып, айтудың қажеті жоқ па? Бұл тұрғыда Ақпарат министрлігі, БАҚ тарапынан әлеуметтік жобаларды қолдағаны қажет.
ТАЯҚТАУ ОҢАЙ, ТӘРБИЕЛЕУ ҚИЫН...

Бала әр жасында белгілі бір ақпаратты қабылдайтын, ата-ана белгілі бір құндылықты жеткізіп үлгеруі керек кезең болады. Болашақта қыз сүйіп жатсаңыз, оның тәрбиесіне қатысты ерекше ұстанатын немесе «бала тәрбиесіндегі дұрыс әдіс» дегендей дайындалып жүрген бір тәсіліңіз бар ма?

Өзім әлі бала сүймесем де, отбасымызда кішкентай қыздар бар. Соларға беріп жатқан және өзім алған тәрбие арқылы ойымды жеткізейін. Қазақстанда отбасы институты айтарлықтай дағдарыс кезеңін кешуде. Бұрындары ана институтымен қатар, бізде әже институты болды, әжелер балаларды тәрбиелеуде маңызды орын алады. Менің бағым жанып, ата-әжемнің махаббаты мен тәрбиесін алып өстім. Мұндай шексіз махаббаттың арқасында сен өзіңнің ерекше және маңызды адам екеніңді сезініп өсесің! Менің тәрбиеме сондай-ақ, жанашыр Анам мен Әкем де ат салысты. Олар маған бар махаббатын сыйлады. Өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін жеткізді, сол себепті нағыз махаббаттың қандай болатынын нақты білемін, бұл сезімді шатастырып алмаспын. Отбасымызда бірнеше ұрпақ болғандықтан, үлкендерге құрмет туындайды, ал туысқандардың көптігінен, жатақханалық өмірге тән қулықтарды үйренесің. Болашақта қыз сүйгім келеді. Мен оны қалай тәрбиелер едім? Оған бар махаббатымды сыйлап, көп көңіл бөлер едім...

Айталық, көнерген түсініктерді көзіңіз көріп тұр, алайда отбасыңызда көзқарас басқа болуы мүмкін. Осы тұрғыда проблема бар ма, болса, қалай шешесіз?

Менің отбасымда да кез келген отбасындағыдай өз қиындығы болады. Бірақ, бәріміз үшін ең басты құндылық – бұл адам болу, ал қателік жасау адамның табиғатына тән. Сондай-ақ, біздің отбасында баланы еркелетумен қатар, бала тәрбиесі жайлы да ұмытпаймыз. Жақсы адамды өсіру үшін не қажет? Бұл жерде мен өзім алған тәрбиеге сүйенемін. Кейде мен ата-анамның сөзін дәлме-дәл қайталайтынымды байқаймын. Егер өмірімде күтпеген жерден қиындық туындап жатса, көз алдыма ата-анам, ата-әжем елестеп, маған дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

Жалпы, бала тәрбиесінде UNFPA қорына негізделіп, өзіңіз ұсынатын белгілі бір ережелер бар ма?

Ең басты кеңесім – отбасын жоспарлау. Отбасын құрып, дүниеге сәби әкелуде, ең алдымен, екі адам бірдей жоғары жауапкершілік танытса, онда мұндай отбасында қарым-қатынас та жақсы болады. Мұндай отбасында туған бала ата-анасының сүйіспеншілігіне, қамқорлығына бөленеді, дұрыс білім алады. Ал мұндай баланың болашақта әлдеқайда бақытты болатыны анық. Сапалы білім беру – ең маңызды факторлардың бірі. Дұрыс бағыт берсең, бала ары қарай білімін өзі-ақ жетілдіруге ұмтылады. Сол сияқты, денсаулық. Біз денсаулығымызға қолдау көрсетуді білмейміз. Ағза сыр беріп, әбден ауырғанда ғана қозғаламыз. Ауруды емдеуді емес, ауырмаудың жолымен жүрсек, денсаулықты сақтау аса қиын емес.

Бала – ұрпақ жалғасы болса, ата-ана оның бастауы. Бақыттың кілті осы ата-ананың көзқарасында, түсінігінде, сауатталығында ма дерсің...

Әрине, бұл солай. Қарым-қатынасты құра алмау адамды адастырады, айналасын өзгертеді. Мұндай қиын кезеңде, бірінші кезекте, балалар зардап шегеді. Көптеген қыздар мен жігіттер ешбір дайындықсыз отбасын құрады. Барлық жауапкершілікті сезініп үлгермеген олар, бала сүйеді. Бұл жерде біздің көнерген түсінігіміз, қоғамдық пікір де қатты әсер етеді. Жас кезіңде тұрмыс құрмасаң, «отырып қаласың» дегендей түсініктер де адамды жеп қояды. Соның салдарынан жастар қандай қиындыққа тап болатынын ойламастан, бастарын жарға да соғуға мәжбүр. Міне, бақытсыз отбасылар саны осылай көбейеді.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, бәлкім, бізге қарайып қалған – бүгінде заман талабына қайшы келетін, өмір сүруге кедергі болатын стереотиптерден арылудың жолын қарастыру керек шығар?

Бүгінде елдің аузында жүрген аты шулы сөз – бұл ҰЯТ. Бұл сөздің аясында барлық түсінік жатыр. Балаларды дәретxанаға тастап кетеді, өйткені некесіз бала туған ҰЯТ. Арын жоғалтқан қыздардың өз-өзіне қол жұмсауы да жоқ емес, өйткені ҰЯТ. Онымен бірге басқа да қылықтарымыз бар. Сыртқы келбетіміз келісіп, бетіміз жылтырап тұрса болды, бұл адам өмірінен де маңызды болып кетті. Туған қызыңа баласынан бас тартуды айтпай тұрып, мойныңа қандай күнә артатыныңды ұмытпаған жөн. Сондықтан адам өмірі ҰЯТ-тан да маңызды екенін ескеру қажет.

Сөз соңында, уақытпен бірге өзгеруі тиіс, баланы түсіну үшін ойлануы тиіс ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз? Оларға да өздерін өзгерту оңайға соқпайтыны анық...

Әрине, егер Сіз өміріңізді өзгертемін десеңіз, өзіңізден бастаңыз. Отбасындағы экономикалық жағдайдың қиындығын, отбасын жеткізуде әрбір ата-ананың арқасында қандай ауыр жүк тұрғанын жақсы түсінемін. Ата-ананың үнемі жұмыс бабымен немесе үйдің шаруасымен қолдары босамайды. Мұндай жағдайда ата-ана мен бала арасында ешқандай қарым-қатынас болмайды. Бала күні бойы мектепте. Үйге келгенде, үй жұмысын жасайды, ата-анасы мазаламасын деп оған планшет немес ұялы телефон беріп қояды. Бала өмірді даладан не ғаламтордан үйренеді. Адам мен адам арасында байланыс жоқ. Барлық қарым-қатынастың мәні – баланы ойын-сауық кешенінде ойнату, ата-ананың есіл-дерті баладан демалу. Мұндай жағдайда бала барлық шағымын кейін өскенде жеткізеді. Сол кезде, бұл қалай болғаны, неге бір-бірімізді түсінбейміз деген сұрақ туындайды. Жасөспірімдердің 80%-ы бастарына қиындық түскенде ата-анасына шындықты айтуға қорқады екен. Бұл – бала мен ата-ана арасында сенімнің жоқтығын көрсетеді. Ол сенім кішкентайынан қалыптасқан жоқ. Сол себепті, балаға дер кезінде көңіл бөлген абзал.

Сұхбаттасқан Салтанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda