KZ

Марат Жыланбаев: «Ең бастысы өз-өзiңдi алдамау...»

Марат ЖЫЛАНБАЕВ үшін марафон жүгіру – тек дене шынықтырар жаттығу емес, ерік-жігерді шыңдаудың, тіпті, қоғамдық мәселеде азаматтық ұстаным білдірудің бір жолы.
Назарларыңызға танымал журналист Айжан Көшкенованың әйгілі спортшы, марафоншы, желаяқ Марат Жыланбаевпен сұхбатын ұсынамыз.
Марат Төлегенұлы Жыланбаев
алыс қашықтыққа жүгіретін спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1993). ХХ ғ. 90-жж. «Гиннестің рекордтар кітабында» 7 рет тіркелген. 1992 ж. Қарақұм шөлін (1200 км – 20 күнде), 1993 ж. Сахара шөлін (1700 км – 24 күнде), 1993 ж. Үлкен Виктория шөлін (1600 км – 24 күнде), 1994 ж. Невада шөлін (1218 км –18 күнде) жалғыз жүгіріп өткен әлемдегі жалғыз адам.
Астананың қатты желі мен аязында далаға шығу оңай емес. Бірақ, тіпті 50◦ суық сезілген кезде де Сіздің жүгіріп жүрген суреттеріңізді көрдік. Күнде жүгіресіз бе?

Ия, біз топ болып, ауа-райына қарамай жүгіре береміз. Мың шақырым жерде боран болса да, қатып қалмайтынымыз анық. Қозғалған адам ешқашан тоңбайды. Ең бастыcы – бір орында тұруға, жатуға, ұйықтауға болмайды.Тек қана қозғалыс! Күніне 85 км қашықтықты жүгіріп өту үшін денені шынықтырумен қатар, психологиялық даярлық та қажет. Әрине, іштен «демалшы, тоқташы» деп сыбырлайтын дауыс «естіледі». Оны тыю үшін ерік-жігер керек. Адамдардың барлығы өмірде ойлағандарына қол жеткізе бермейтіні де – соның жетіспеуінен.

Серіктестеріңізбен Балқаш маңындағы шөлейт жерлер мәселесіне арналған ультрамарафонға да қатысқансыз...

Бұл жерде қоғамның назарын екі мәселеге аударсақ деген едік. Біріншіден, осы аумақтағы сексеуілдерді орып алуға заң бойынша тыйым салынғанымен, әлі күнге дейін оны жаппай опырып жұлып, саудаға салып жүргендер бар. Ал сирек кездесетін шөп – құмдауыт жерлерді ұстап, байланыстырып тұрады. Шөпті жұлып алған соң құм бытырап, дала біртіндеп шөлейтке айналуда. Оған қоса сексеуіл – шөлейт жерде тіршілік ететін түрлі аңдардың қорегі. Екіншіден, әлемдегі ірі көлдердің бірі Балқашқа келіп құятын өзендердің, оның ішінде Іле өзенінен ағатын судың азайып, ластануы салдарынан тартылып барады. Сондықтан, марафонға қатысып, осы мәселелерді ортаға салып, көтерсек дедік.
Марафоншы болу үшін адамның бойында табиғатынан бейімділік болуы керек пе, әлде жаттығу маңызды ма?

Марафоншы болу үшін мен өз-өзімді біраз тәрбиеледім. Әйтпесе, дене бітімім бұл спорт түріне сай емес: сүйектерім ірі әрі ауыр. Жаттықтырушылар іріктеу жасаса, маған назар да салмас еді. Ал, мысалы, сурет салу – Құдайдың сыйы болатын, кезінде оны да жетілдіре түстім. Жасөспірім кезімде күн сайын сегіз сағат тапжылмай сурет салатынмын. Басында қарындашпен, сосын қаламұшпен. Қаламұшпен салынған сурет өшіруге келмейді. Мен әлемді сызықтар арқылы көрдім. Балалар үйінде тәрбиешім көркемсурет мектебіне жетелеп апарды. Сол жерде мұғалім натюрморт салғызып тексергені есімде. Суретімді көріп, маған ештеңе үйрете алмайтынын айтты. Өйткені, бұған дейін композиция, түс техникасы, жартылай тон, көлеңке түсіру сияқты көркем суреттің қыр-сырын кітаптар арқылы меңгерген едім. Кітапханада сурет туралы барлық кітаптарды тауысқанмын. Леонардо Да Винчиді пір тұттым.

Суреттен тек рухани ләззат алып қоймай, одан кезінде қомақты пайда да тапқаныңызды естідім...

Қарағандыда техникумда оқып жүргенімде құрылыс отрядына суретші болып алындым. Бірде біз барған жердің Мәдениет үйінде үйіліп жатқан смальта, яғни түрлі-түсті тастарды көрдім. Ондағы қызметкерлер мозаика жасағысы келгендерін, бірақ Ленинградтан шақырылған бригада бір жағдайларға байланысты жете алмай, ақыры жұмыс тоқтап қалғанын айтты. Мен оларға мозаиканы екі есе арзанға әрі жарты жылда емес, бір айдың ішінде жасап беруді ұсындым. Олар қуана келісті. Бірақ, мұндай жұмыспен бұрын айналысып көрмегенмін. Содан бір күнге сұранып, Қарағандыға тәжірибелі суретшілерге барып, смальтамен жұмыс істеуді үйрендім. Алайда, жұмыс оңай соққан жоқ. Резеңке қолғаптардың жоқтығынан саусақтарым кесіліп, үш саусағым сүйегіме дейін ойылып қалды. Әйтсе де сыр бермедім, белгіленген уақытта жұмысымды тапсырып, ол барлығының көңілінен шықты. Ақшаның бір бөлігін Гагарин қорына, құрылыс отрядтары қорына аудардым. Күндегендер де табылды.

Көп ақша алдыңыз ба?

Өте көп! Елестетіп көріңіз, сол кездегі мұғалімнің жалақысынан жүз есе көп...
Ал, мысалы, сурет салу – Құдайдың сыйы болатын, кезінде оны да жетілдіре түстім. Жасөспірім кезімде күн сайын сегіз сағат тапжылмай сурет салатынмын. Басында қарындашпен, сосын қаламұшпен. Қаламұшпен салынған сурет өшіруге келмейді. Мен әлемді сызықтар арқылы көрдім.
Марат Жыланбаев
Өзіңізге «Волга» сатып алған боларсыз?

Дүние сатып алу ойыма да келген жоқ. Техникум Алматы маңындағы шипажайға жолдама берді. Қалған ақшаны сонда жұмсадым. Джинсы сатып жатқан автодүкенге бардым. Джинсының бағасы 150 сом екен. Мен 300 сомды суырып алып, киімді кезексіз алғаным есімде. Таныстарым, жолдастарым келіп қарыз сұрайды, бәріне қайтарымсыз бердім. Бірнеше айда қомақты қаржыны тауыстық. Суретші болып ақша табуға болатынын сонда түсіндім.

Техникумды бітіріп, жолдамамен Екібастұзға келгенде тағы бір қызық оқиға болды. Жергілікті баспасөзден суретшілер көрмесі өтетінін, көрмеде лебіздер кітапшасына ең көп пікір жинаған суретші Алматыдағы көрмеге қатыса алатынын оқыдым. Мен біраз суреттерімді апарып, олар көрменің ең бір шеткері, қараңғы бұрышына қойылды. Бірнеше айдан кейін лебіздер кітабындағы көпшіліктің пікірі бойынша менің алғашқы орынға шыққаным белгілі болды. Алайда, ұйымдастырушылар менде арнайы білім болмағанын желеу етіп, екінші орын алған көркем сурет мектебінің директорына жол берді. Бұл менің намысыма тиді... Бірде «Советский художник» деген журналдан Германияда вернисаж өтетіндігін, соған Кеңес Одағы суретшілері қатыса алатыны туралы оқып қалдым. Мен сол көрмеге қатысқым келді. Мақаланың соңында факс нөмірі көрсетілген екен, мен оның не екенін білмей, электроникамен айналысатын мамандарға жүгіндім. Олар көпшілікке арналған факстың жоқтығын айтты. Сосын Мәскеуге ұшып бардым. Өйткені, 80-ші жылдары Мәскеу Олимпиадасы өтуіне байланысты Бас поштада шетелдіктерге, жалпы қауымға арналған факс орнатылған-ды. Сол жерден бірнеше суреттерімнің фотосын факс арқылы Германияға жібердім. Оларға ұнады. Менімен келісімшартқа отырмақ болды. Мен күнде сурет салатынмын. Сонда менің суретімнің құны сол кездегі он жалақымен бірдей еді. 30 картинамды беріп, барлығына 3 мың доллар алдым. Бұл сол кезде қыруар ақша! Доллар дегенді бірінші рет көруім, онымен не істейтінімді білмедім. Ақыры әскерде бірге болған бір жолдасыма хабарласып, екеуміз сол кезде атақты «Березка» деген элиталы дүкенге барып, ақша жұмсадық... Кейін суреттерімді басқа елдерге де саттым. Басқа суретшілердің де туындыларын өткізуге көмектестім.

Сіз коммерциялық тұрғыдан табысты, жап-жақсы суретші атанып келе жаттыңыз. Неліктен басқа жолды таңдап, жүгіруді ұйғардыңыз? Марафоннан да ақша табуға бола ма?

Ешқандай. Қайта әрбір марафоныма демеушілер іздеп, кей жарыстарға өз ақшаммен қатысып жүрдім. Негізі, сурет салған кезімде де жүгіретін едім. Марафонға қызығушылық танытып, әуесқой ретінде қатысып, Екібастұзда әуесқойлар клубын құрдым. Онда түрлі жарыстар ұйымдастырдық. Клуб үш топтан тұратын: сауықтыру, салмақ тастау және спорттық. Өкінішке орай, спорт тобы үнемі ұтылып, 5–6 жыл сыйлықсыз қалып жүрді. Мен спорт тобын көтеру керек деп шештім. Сосын барлық спорттық әдістемелерді зерттей бастадым. Сол кездегі мен сияқты орташа марафоншыны әлемдік деңгейге жеткізу үшін 7–8 жыл керек-тін. Мен бір жылда сол деңгейге жетудің әдісін ойлап таптым. КСРО-дағы белгілі спортшылар, жаттықтырушылар мұның мүмкін еместігін айтып, қолдарын сілтеді. Сол кезде «бір жылдан кейін кездесеміз» деп, іштей бекіндім. Барлық жұмысымды ысырып қойып, жүгіретін болып шештім.
1991 жылы кітап дүкенінен Робин Дэвидсонның «Саяхаттар ешқашан аяқталмайды» деген кітабын сатып алдым. Ол төрт түйемен (қасында иті бар) – «Үлкен Виктория» шөл даласын кесіп өткен. Бұл кітап мені шабыттандырғаны соншалық, мен сол сахараны жүгіріп өтетінімді білдім.
Марат Жыланбаев
Қарап отырсақ, Сіз мүмкін емес нәрселерді жүзеге асырғанды жақсы көресіз. Бұл ненің арқасында: ерік-жігердің бе, әлде нәтиже оң болатынын өзіңіз іштей сезесіз бе?

Мен балалар үйінде тәрбиелендім. Ағашқы сыныптан бастап өмірімдегі барлық шешімдерді жеке өзім қабылдап, соған жауапты екенімді жақсы түсіндім. Маған жөн сілейтін адам болған жоқ. Бір жолы жазғы демалысқа пионер лагеріне жіберді. Сондағы бір тәрбиеші бізді біресе әруақтармен, біресе «Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар» деп, қорқытатын. Мен оған ризамын, себебі, сол кезде бәрінен қорқатын болдым. Ал мектепке келгенде басқа бір тәрбиешіге болған жағдайды баяндап бердім. Ол маған кітап оқуға кеңес берді. Сөйтіп, 3 сыныпта кітапханадағы барлық атеистік бағыттағы кітаптарды оқып шықтым. Содан кейін, адам бар және бұл дүниеде бәрі де адамның өзіне тәуелді деген ойға келдім. Сол кезден кітапқа үйір болдым. Одан кейін саяхаттар туралы кітаптарға кірістім. Балалар үйінен көп қашатынмын. Өйткені, басқа елдерді, қалаларды көргім келді. 1991 жылы кітап дүкенінен Робин Дэвидсонның «Саяхаттар ешқашан аяқталмайды» деген кітабын сатып алдым. Ол төрт түйемен (қасында иті бар) – «Үлкен Виктория» шөл даласын кесіп өткен. Бұл кітап мені шабыттандырғаны соншалық, мен сол сахараны жүгіріп өтетінімді білдім. Осыдан кейін кітапханада шөл далаға байланысты барлық әдебиетті ақтарып шықтым. Ашхабадқа жетіп, сахараны зерттеу институтына бардым. Сол жерде бір жағы жаттығып, екіншіден, мамандармен, шабандармен, ғалымдармен кездестім... Кейін Қарақұмды да, «Үлкен Викторияны» да жүгіріп өттім. Австралияда Робин Дэвидсонмен кездестім.

Содан кейін Эльбурсқа жүгіріп шықтыңыз...

Жоқ, тауға алғаш жаттығудан өткеннен кейін жүгірдім. Тауға бұрын шықпағанмын. Сол жолы 2-ші орын алдым. Барлық халықаралық жарыстарда І не ІІ орындарға шықтым...

90-шы жылдары Қазақстанды ешкім білмеген де шығар?..

Ол кезде жеңімпазды марапаттау барысында ойналатын әнұранымыз да, туымыз да болмаған. Сосын өзім апарып жүрдім. Бірінші рет Ту іздегенімде, оны тек Екібастұз әкімшілігінен таптым. Сол Туды өзіммен Америкаға да апардым. Шетелде елімізді ешкім білмейтін. Оларға түсіндіріп, кейде, тіпті, сол үшін ұрсысып қалып та жүрдім. Олардың Пәкістан, Моңғолия, Ауғанстанды біліп, Қазақстанды білмейтіндері намысыма тиетін...

Сіз жүгіруден қандай мән-мағына таптыңыз?

Мен ойлап тапқан әдістемеге ешкім сенбеді. Бірбеткейлігім сол – мен өз ойлағанымды жүзеге асыра алатыныма сендім. Бәріне дәлелдедім. «Жоқ» деген жаттықтырушы – КСРО құрама командасына алды. «Мен оны екі мәрте орап өтемін» деген мықты желаяқ спортты тастап кетті. Өйткені, мен сияқты ортаңқол марафоншы оны бір жылдан кейін басып озып, артынша Америкада тағы да шаң қаптырды.

Сіз көздегеніңізге жеттіңіз... Бірақ, сол кезде амнезияға ұшырап, жадыңыздан айырылдыңыз...

- Бұл 1995 жыл болатын. Сол себепті, спортты тастауға тура келді. Басында бәрін мүлдем ұмытып қалдым. Сосын ақырындап есіме түсе бастады. ...Өмірімдегі кей кезеңдер санамнан кесегімен өшіріліп қалған. Мәселен, «Қайнар» университетінде оқыған ересек кезім есімде жоқ. Бірақ, анаммен машинада отырғаным, бір кезде өрт шығып, әкем бізді көліктен лақтырып шығарғаны есімде. Әпкеме айтсам, ол, сол кезде менің нәресте болғанымды айтып, сондықтан, бұл есімде қалмауы тиіс деп, таң қалды...

Сіз әлі атеистсіз бе? Бұлай өмір сүру қиын емес пе?

Ең бастысы – өзіңді алдамау.

Сіз сонда неге сенесіз?

Адам өз-өзіне сенуі керек. Мен дінге қарсы емеспін. Оған құрметпен қараймын. Ол көмектеседі. Бәз-біреулерге өте керек.
Сахараны жалғыз өзіңіз кесіп өткен кездегі ең бір қиын шақтарда не көмектесті?

Жаттығулар. Жақсы жаттығу күш береді, төзімділікті арттырады. Қарақұмды жүгіріп өту үшін жарты жыл рюкзакпен жүгіріп, жаттықтым. Осыдан жүгіру техникам өзгерді.

Қатты қиналғанда бәріне қолды бір сілтеп, кетіп қалмауға қуат беретін демеу не?

Әр адамның екі бірдей өз «Мені» болады. Мысалы, суретші кезімде суретті үнемі түнде салатынмын. Табиғатымнан – «түнгі жапалақпын». Ал марафоншы болам деп шешкенде «бозторғайға» айналдым. Бес жыл бойы күн сайын таңғы төртте тұратын болдым. Әйтсе де біраз жатып, ең құрығанда алтыларда тұрсам деген де кездер болды.

Сонда өзіңізді мәжбүрледіңіз бе?

Ия. Күнде таңғы төртте «ішкі сағатым», жұлқылап оятады. Мен бір секунд те жатып қалмауға тиіс екенімді білдім. Ал менің екінші «Менім»: «Марат, ұйықтай тұрсаңшы» дейді. Бірақ мен түске дейін 40 шақырым жерді жүгіріп өту керекпін. Одан кейін тағы бір марафон. Сөйтіп-сөйтіп, әдетке айналды.
Ал маған шөлейт жерлер ұнайды. Біреуге – ол, әншейін, құм дала, ал мен үшін – ұлы сахара!
Марат Жыланбаев
Күннің ыстық-суығына, даланың шөлі мен тауына қарамастан, жүгіруде не құпия, не сыр бар?

Өзіме, басқаларға ойымдағы жоспарларымды орындай алатынымды дәлелдегім келді. Айналамды тамашалап, барлық сахараларды жүгіріп өткім келді. Бұл адам мүмкіндігінің кеңдігін көрсетеді. Денсаулығым мықтап нығайды. Тамырымның соғысы 40 болды. Төзімділігім арта түсті. Мен бәрін де еңсере алатынымды түсіндім. Төзімді шағымда жаңа рекордтар жасағым келді. Жүгіру кезіндегі қиындық келтіретін он көрсеткішті алсақ, олардың арасындағы қиынның-қиыны – құм далада жүгіру. Ал маған шөлейт жерлер ұнайды. Біреуге – ол, әншейін, құм дала, ал мен үшін – ұлы сахара!

Сұхбаттасқан Айжан КӨШКЕНОВА

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda