KZ

ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ТҮЗЕ

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында елімізде білім беру мен ғылымды дамытуға бірқатар мақсат қойды.
Олардың қатарында педагог мәртебесін көтеру, ауылдарда білім сапасын арттыру, 800 жаңа мектеп салу, жыл сайын колледждерде 100 мың студентті тегін оқыту, ҰБТ-ны электрон форматына көшіру, білім беру жүйесіндегі басқаруды ретке келтіру және ғылыми әлеуетті нығайту мақсаттары бар.
Жаңа бағдарлама жас ғалымдарға қандай мүмкіндік береді? Ғылымның дамуына не кедергі? Бұл сұрақтарға жас ғалымдар жауап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ, ғылымды дамыту мәселесін көтергенде тек қана жаратылыстану ғылымдарына басымдық беріп, гуманитарлық саланы, яғни қоғамдық ғылымдарды ысырып тастау дұрыс емес деген пікірде. Ол ғылымды дамытуда оны салаларға бөліп-жармауды ұсынады.

«Қазақстанда жаңа технологияларды көбейтіп, барлық саланы цифрландыру үшін жаратылыстану ғылымдарын дамыту керек деген қалыптасып қалған пікір бар. Бұл дұрыс та шығар, бірақ қоғамдық ғылымдарды да ұмытпау керек. Мықты ел болу үшін экономиканы ғана жақсарту жеткіліксіз. Гуманитарлық сала ұлттық рухты, туған тілді, салт-дәстүрді дәріптеп, терең зерттеп, нәтижесінде жастарды тәрбиелейтін дәрежеге жетуі керек», - дейді Н. Наурызалиев.
Нұрлан Наурызалиев, ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі
Ғалымның айтуынша, қоғамда ұрлық пен қылмыстың көбеюі осы гуманитарлық ғылымдардың әлсіреуінен. «Жаратылыстану саласындағы ғалымдар ғылыми жұмысында жаңа технология ойлап тауып, пайдалы дүние шығарса, гуманитар ғалымдардың ғылыми жұмысының нәтижесі адамның ішкі әлемін қамтиды. Адам дамыса, қоғам түзеледі, қылмыс көрсеткіштері кемиді, адамдардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері азаяды. Оған сараптама жасау үшін басқа елдердегі қылмыс, суицид көрсеткіштерін салыстыруға болады. Гуманитарлық ғылымды дамыту арқылы халықтың әлеуметтік және психологиялық мәселесін шешуге мүмкіндік бар», - дейді жас ғалым.

Н. Наурызалиев жас ғалымдарға білімнен бұрын тәрбие берілуі тиіс деген пікірде. Бұл тұрғыда ол әл-Фарабидің сөзін мысал етеді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ғұлама әл-Фараби. Шынында да қанша жерден мықты жаңалық ашса да, адамгершілігі жоқ, ана тілін, елінің тарихын, дәстүрін білмейтін ғалым түбінде әлемге зиянын тигізбей қоймайды», - деді ол.
Аға оқытушының пікірінше, мықты ғалым тәрбиелеу үшін баланы орта мектептен бастап ғылымға баулып, қызықтыру керек. Бірақ Қазақстан мектептерінде робототехника және комьютерлік сыныптар, түрлі үйірмелер жасақтаудан бұрын, орын жетіспеуі, балалардың екі, үш ауысыммен білім алуы, қарапайым оқулық мәселесі де жетіп артылады.

«Білім және ғылым министрлігі бірнеше жылдан бері күн тәртібінде тұрған, қаржымен іске асатын қарапайым мәселелерді шешпей жатып, робототехника сыныбын жасақтауды көп айтады. Ал материалдық жағдайы жасалмаған баланың оқуға, жаңа нәрсе ойлап табуға бәрібір зауқы болмайды», - дейді жас ғалым.
2020-2025 жж. арналған білім беруді дамыту бағдарламасында 2025 ж. қарай мектептерде шамамен 500 мың орын тапшылығы орын алуы ықтимал. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік бюджет пен жеке инвестиция тарту есебінен 650 мыңнан астам орынға арналған 800 мектеп салу жоспарланған.

«Мектеп салуға 876 млрд теңге бөлінеді. Сонда орын тапшылығы мен үш ауысымды мектептер мәселесі шешіліп, апатты жағдайдағы мектептердің саны азаяды», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ үкімет отырысында.

Жаңа бағдарлама аясында барлық мектепті заманауи физика, химия, биология, STEAM білім беру сыныптарымен толық қамтамасыз етуге 100 млрд теңге, ал пәндік кабинеттерді компьютермен 100% қамтуға 50 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Н. Наурызалиев мектеп түлегі жоғары оқу орнына түскеннен кейін де оның ғалым болуына кедергі келтіретін бірнеше мәселеге тап болатынын ескертеді. «Студент университетте де әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келеді. Жатақхананың жетіспеушілігі, күнделікті тұрмысына жетпейтін шәкіртақының аздығы студентті оқумен қатар жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Сөйтіп ол жастайынын жұмыс істеп, шығындарын өтейді. Кейін оған ғалым болмады деп ренжиміз. Ал әлеуметтік жағдайы жоқ адам қалай мардымсыз жалақыға ғалым болады?», - дейді аға-оқытушы.
Айта кетейік, 2020 ж. қаңтарынан бастап бакалавриат, магистра­тура және докторантура студент­терінің шәкіртақсы 25%-ке көтеріледі.
Н. Наурызалиев Алматы әкімінің ішкі саясат бөлімі, жастар саясаты мен жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдерінен сұхбат алып, студенттерге жатақхана жетпеу мәселесі туралы журналистік зерттеу жасаған. Оның мәліметінше, 2018 жылы Алматыда 140 мыңға жуық студент болса, оның 30 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Сол жылы мегаполистегі 80-нен аса колледжде 65 мыңға жуық студент оқыған. Олардың 12 мыңы жатақханадан орын алған. Қалған студенттер пәтер жалдап, туыстарының үйінен, алыс-жақын аудандар мен ауылдардан қатынап оқыған. Зерттеу нәтижесінде бір ғана Алматының өзіне 150 мың орындық жатақхана қажет екені анықталған.
Бұл мәселе білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасында айтылған. Онда 2025 ж. дейін 90 мың орынға жатақхана салу жоспарланған. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Оған бюджеттен 58 млрд теңге бөлінген.
ҚазҰУ технологиялық паркінің ғылыми қызметкері Жәнібек КӨРКЕМБАЙ да Қазақстанда ғалымдардың әлеуметтік жағдайын шешу мәселесін ескеру керек деген пкірде. Ол қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша ғылыми жобалармен айналысып жүр. Жалақысы тұрақсыз екенін жасырмаған ол, бүгінде ғалымдардың жалақысы өте аз деп отыр.
Жәнібек Көркембай, ҚазҰУ технологиялық паркінің ғылыми қызметкері
«Бірнеше айлап жалақы алмай жүрген кезіміз болды, тұрақтылық жоқ... Ғылымға жастарды көптеп тарту үшін әуелі олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек», - дейді Жәнібек Көркембай. Оның пікірінше, қазір білімді адамға жұмыс табу қиын емес. Елдегі білікті мамандар мүмкіндік болса, шетелге де кетіп қалады.
Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жж. арналған бағдарламасында жас ғалымдарды қолдауға жыл сайын 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұған дейін грант байқаулары үш жылда бір рет өткізілсе, 2020 ж. бастап ол жыл сайын өкізілетін болады.
Ж. Көркембайдың айтуынша, көптеген ғылыми-зерттеу институттарында жаңа құрылғылар жоқтың қасы. Әлі күнге дейін кеңес дәуірінде әкелінген аппараттармен жұмыс істеуге тура келеді. Амалсыздан ғалымдар ескі құралдармен зерттеу жасайды, дейді ол.
Бұл мәселе де жаңа бағдарламада қарастырылған. Ғылыми институттардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жеке бюджет бағдарламасы құрастырылды.

2020-2025 жж. арналған бағдарлама аясында білім беруді қаржыландыру көлемі 6 есе, ғылымды қаржыландыру 7 есе өсті. 2019 ж. дейін отандық ғылымды дамытуға 43 млрд теңге бөлінсе, 2025 ж. дейінгі бағдарламада 400 млрд теңге бөлінді. ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылымның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруды көздеп отыр.
Мейірім БАҚЫТЖАНОВА

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda