Қандай мамандықтар бойынша?
Мамандықтар тізімі әзірше анықтала қоймады.
Бұл мектеп тек алматылықтар үшін бе, әлде...
Мектептің өз интернаты болады. Онда басқа өңірден келген балалар орналастырылады. Бірақ, бұл мектеп ағылшын әдісімен оқытылатындықтан, ақылы болады. Дегенмен ата-ана баласының оқуына немқұрайлы қарамасын деген мақсатта оқу ақысының азғантай бөлігін ғана төлейтін етеміз.
Оқу орны аумағында мүгедектігі бар балаларға арнап кинотеатр ашылады. Себебі оларға қазір көптеген қоғамдық орындары қолайсыз. Одан қалды, адамдардың пікірі де балаға және ата-анасына психологиялық қысым жасайды...
Қазір бізде аутизм синдромы бар балаларды оқытатын орталық жұмыс істейді. Онда 30-ға жуық бала білім алады. Орталықта 20-дан астам мұғалім сабақ береді. Әр балаға жеке оқу бағдарламасы дайындалады. Командамызда педагогтарды қосқанда 30-ға жуық адам жұмыс істейді.
Аутист балаларды жалпы білім беретін мектепте оқыту жеткіліксіз бе? Жалпы, оларда мұндай мүмкіндік бар ма?
Қазақстанның барлық аймағындағы орта мектептерде инклюзив білім беретін түзету кабинеттері бар. Бірақ жалпы білім беретін мектептерде мүгедектігі бар балаларға сабақ беретін маман жетіспейді. Ондағы мұғалімдер денсаулығы қалыпты балаларға сабақ беріп үйреніп қалған. Ал түзету кабинетінде жұмыс істеу үшін тағы да қосымша білім қажет. Мысалы, аутист балаларда кей сезім мүшелері қатты дамыған. Олардың кейбірінің көру, есту қабілеті қалыпты емес. Сондықтан да олардың жүйкесіне, психикасына зақым келуі мүмкін. Осы себепті де мұғалім оларды оқытудың арнайы әдісін меңгеруі керек. Ондай балалармен орта мектептерде логопед, психолог қана жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ онда балаларды оқуын аяқтатып, белгілі бір мамандыққа баулу ескерілмеген. Сөйтіп, көбі 9 сыныпқа дейін оқып, бірте-бірте қоғамнан бөлектеніп, оқшаулана бастайды.
Әдетте аутист балалар талантты болады. Олардың ерекше қабілетін, талантын шыңдап, дамытса, жақсы нәтиже көрсетуге болады. Сондықтан олармен жеке жұмыс істеу өте маңызды. Олардың есте сақтау қабілеті жоғары, математика және музыка сияқты белгілі бір салада дарынды болады, бірнеше тілді меңгеруі де мүмкін.