ЕРДО сарапшылары, сондай-ақ ауыл шаруашылығында бүгінде 733 мың адам, ал сауда нарығында 686 мың адам өз-өзін жұмыспен қамтып отыр деген мәлімет келтіреді. Алайда ауыл шаруашылығын кәсіп еткен қазақстандықтардың ішінде 600 мыңдай адамның тек орта білімі ғана бар. Жалпы, республика бойынша жұмыспен қамтылып, «ресми экономикада тіркелгендер» ішінде 3,35 млн адамның ғана жоғары білімі бар екен. ЕРДО сарапшылары, бұл мәлімет 2019 жылдың 3 тоқсанындағы жағдайға сай деп отыр.
Бүгінде ресми негізде жұмыспен қамтылған отандастарымыздың ішінде 5,7 млн адам өз мамандығы бойынша еңбек етуде. Д. Шумековтың айтуынша, бұл жалпы көрсеткіштің 65%-і. Ал 20%-і – өз мамандығынан тыс, басқа салаларда жұмыс істейді. «Жұмыспен қамтылғандар арасында 1,3 млн адам (15%) өзі еңбек етіп жатқан сала бойынша мүлдем оқымаған», - дейді ЕРДО сарапшысы.
Айтқандай, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметтеріне сілтеме жасаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жастар жылының жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде, бүгінде отандық ЖОО түлектерінің шамамен 60%-і өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды дегенді алға тартты. «Жастар оқып жүріп те қосымша жұмыс істейді, біз оны білеміз. Бірақ өз мамандығы, өз саласы бойынша жұмыс істеуді ескеру керек. Әйтпесе, алған білімі мен еңбек қызметі бір-бірімен ұштаспай қалады», - деді мемлекет басшысы.
ЕРДО сарапшыларының айтуынша, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жастар саны ел ішіндегі жұмыссыздық деңгейіне де ықпал етпей қоймайды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 422 мың адам ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген, оның ішінде 133 мың адамның жоғары білімі (30%), ал 196 мың адамның (44%) арнайы кәсіптік білімі бар деп көрсетілген ЕРДО сарапшыларының мәліметінде.
ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК КІМ БАРСЫҢ?
Ресейлік танымал экономист, сарапшы Сергей ГУРИЕВ, бүгінгі таңда қай елде болмасын жастардың өз-өзін танып, өз болашағын, мүмкіндігін анықтап, белгілей білуі оның өзі үшін де, ол азаматтық алған мемлекет үшін де маңызды талап деген пікір айтады.