KZ

ЖАСАМПАЗ БОЛСАҢ, КЕЛ, ҚОСЫЛ

2020 жыл елімізде Еріктілер жылы деп жарияланғаны белгілі.
Бүгінде Қазақстанда 200-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істесе, олардың қатарында 50 мыңнан астам ерікті белсенділер бар.
ҰМТЫЛАЙЫҚ, ҚАЛЫСПАЙ...

Естеріңізге сала кетсек, Тышқан жылын Еріктілер жылы деп жариялауды 2019 жылдың мамырында Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында «Ұлттық еріктілер желісінің» төрайымы Вера КИМ ұсынған болатын.

Сол тұста бұл идеяны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қызу қолдап, ел үкіметінің, әкімдердің алдында «жастардың сындарлы ұсыныстарын қолдау» туралы міндет қойды.

Волонтерлер қозғалысы бүгінгі таңда дүние жүзі бойынша кең тарап, өріс алған қоғамдық пайдалы жұмыс. Еріктілер өз жұмысына ақша алмайды, олардың әрекеті тегін жүргізіледі. Әдетте олардың қызметі әлеуметтік көмек, қолдауды қажет ететін тұрғындарға, коммерциялық емес ұйымдарға, мемлекетке өтеусіз көмек көрсетуге негізделеді.
Еріктілер көмегін, мысалға, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар, жалғызбасты зейнеткер қарттар, мүгедек кісілер, ауыр халдегі науқастар, босқындар қажет етуі мүмкін. Сол сияқты, еріктілер коммерциялық емес ұйымдар мен мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын бірқатар шараларға қолдау көрсете алады. Айталық, кино- және музыкалық фестивальдар, спорт шаралары, туристік іс-шаралар, оқу-ағартушылық әрекеттер, т.т.

Волонтердің жұмысын қызықты оқиға, ойын-сауық деп қабылдауға болмайды. Шындап келгенде, бұл ауыр жұмыс. Еріктілер ұйымдарының өкілдері, осынау қоғамдық пайдалы жұмыстың, қоғамдық әрекеттің әлемдік деңгейде кең тарауын адамзат тарихындағы өркендеу кезеңінің бір көрсеткіші деп есептейді. Өйткені волонтерлік жұмыс сана-сезімі, ой-өрісі пісіп-жетілген, жасампаз адамдарға тән қасиет.

ҚР Президенті Қ. Тоқаев «волонтерлік қозғалыс біздің мемлекет үшін өте қажет» деп, елімізде «еріктілерді дайындайтын білім орталықтарын ашып, әлеуметтік желілерде волонтерлер инфрақұрылымын жасауды» және бұл тұрғыда «сауатты ақпараттық саясат әзірлеп, қолдануды» ескерткені есімізде.

Бүгінде елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 50 мыңнан астам ерікті белсенділер бар. Волонтерлік ұйымдардың өкілдері, жыл өткен сайын олардың қатары артып келе жатқанын айтады.

ИГІ ІСКЕ ҚОЛДАУШЫ КӨП

Айта кету керек Қазақстан еріктілері өз жұмысын Тышқан жылын күтпестен-ақ белсенді түрде атқаруда. Отандық еріктілердің жұмысы туралы сөз қозғағанда, мемлекет басшысы, Жеңіс күні қарсаңында Ұлы отан соғысы ардагерлеріне көмек-қолдау көрсеткен астаналық волонтерлердің жұмысын, Ақтөбедегі «150 ізгілікті іс» қозғалысын, «Қазақстанның таза өзендері» челленджі мен «Бүгінгі күннің батырлары» патриоттық жобасын, Маңғыстау облысындағы қарт кісілерге әлеуметтік көмек көрсету ұсынысын мысал еткен-ді.
Фото: Интерфакс-Қазақстан
Еріктілер жұмысы Тышқан жылы қарсаңында да барынша қызу жүріп жатыр. Күні кеше Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында есту қабілеті нашар балаларға арналған демалыс шарасы өткізілді. Онда оңтүстік астанадағы №1 арнайы түзеу мектеп-интернатының 7-10 сыныбы оқушылары мұз айдынында сырғанақ теуіп, серуендеп, тегін демалуға мүмкіндік алды.

Бұл шараны Алматы қаласы Білім басқармасы мен Алматы қалалық мобильділік басқармасының қолдауымен QNET халықаралық компаниясы ұйымдастырды. Аталған шараға Recycle.birge экологиялық қозғалысы мен өзге де алматылық еріктілер көмек көрсетті. Олар оқушыларға мұз айдынындағы қауіпсіздік талаптары мен шараларын түсіндіріп, коньки тебуді үйретті.
Фото: Интерфакс-Қазақстан
Шараны ұйымдастырушылар мен ерікті көмекшілер өздерінің мақсатын – есту қабілеті нашар балаларды қысқы спорт түрлерімен айналысуға баулып, оларға өз айналасымен, қоршаған ортамен емін-еркін араласып, жаңа достар табуға көмектесу; жалпы, есту қабілеті нашар балалардың түйінді мәселелеріне қала жұртшылығының, қоғамның назарын аудару деп түсіндіреді.

Әрине, ел ішіндегі, қоғамдағы барлық әлеуметтік мәселелердің шешімін бір ғана еріктілердің көмегімен шеше алмаймыз. Бірақ игі істің барлығы кішкентай қадамнан басталады. Бұл тұрғыда қазіргі қазақ жастарының қайырымдылық көрсетуге негізделген ниет, қадамдары қуантпай қоймайды.

Мысалға, Қарағанды облысының жастары 2013 жылдан бері «Ардагерім-ардағым» атты республикалық акция ұйымдастырып, жүзеге асыруда. Акцияның мақсаты – жастардың бойында азаматтық позиция қалыптастырып, ардагерлер мен жалғызбасты қарттардың пробламасына көпшіліктің назарын аудару.

Қайырымдылық іс-шаралар Қарағандыдағы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен жүзеге асырылуда. Оған мектеп оқушылары, студенттер мен ерікті жастар қолдау көрсетіп, ат салысып, облыс аумағындағы соғыс және еңбек ардагерлеріне көмек көмектеседі.
Ерікті жастар өзара жұмыла қозғалып, қыс кезінде ардагерлердің үйлерін аралап, аулаларын қалың қардан тазартып, қар күресе, жаз айларында бау-бақшаға көмектесіп, үй ішінде тазалық орнатуға да қол ұшын береді.
«2019 жылы жастар орталығының қатысумен жиырмадан астам үйге көмек көрсетілді, - дейді бұл тұрғыда еріктілерді бірі Аслан ҚҰРМАШ. - Акция аясында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде құрылған «Ақниет» еріктілер ұйымы қаладағы қарттарға жүйелі түрде дербес көмек көрсетіп тұрады».

Аружан КЕМЕР

Қарағандыдан суреттер: Жастар ресурстық орталығы

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda