Франшиза сатып алудың пайдасы
Жақында брендтің франшизасын сату ойда бар. Онда бренд атауы да, дайын бизнес те ескерілген. Сондай-ақ біз дайын мәзір мен өзіміздің кофені береміз. Техникалық картасын, калькуляциясын, дизайнын дайындап, баристаны үйретеміз. Франшизамен жұмыс істеу жаңадан бизнес бастаушыға және екінші кәсібін ашқалы жатқан кәсіпкерге өте ыңғайлы. Себебі бастапқыда бірнеше рет қателесіп, шығынға батқанша, үш-төрт жылдық тәжірибені бірден үйреніп алған тиімді. Ақысын бір рет төлесе жеткілікті. Келісімшарт кем дегенде 3 жылға құрылады... Біз бір-екі ай көлемінде мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, кофе қуыратын цех ашамыз. Қазір қажет құрал-жабдықтарды сатып алуға кірістік. Болашақта сол цех жанынан баристаларға сабақ өткіземіз, оларды конкурс, чемпионаттарға дайындаймыз.
Starbucks-пен арадағы бәсекелестік...
Біздің кофехананың басқалардан айырмашылығы кофенің сапасында. Көбі бізді маркетингтік тиімді шешім нәтижесінде танымал болды деп ойлайды. Бірақ біз ең басында, яғни кофехана өз жұмысын бастаған тұста ғана танылу үшін блогерлерді шақырдық. Кейін мүлдем жарнама жасаған жоқпыз. Біз кофехананың атауын өзгертіп жатқанда жанымызға Starbucks орналасты. Шыны керек, оны естігенде қорқып та қалдық. Қалай дегенмен, олардың бренді бүкіл әлемге танымал, қаржы айналымы да ірі. Алғаш ашылған кезде олар түрлі акция жасап, тегін кофе де таратты. Сол айда біздің кофенің сатылымы 30%-ке азайды. Кейін уақыт өте кофе танитындар бізге қайтып оралды. Бір жағынан олардың бағасы 3 есе қымбат. Екіншіден, біздің кофенің жарамдылығы өтпеген, жаңадан қуырылған. Қазір біз бір-бірімізді толықтыратын болдық. Мысалы, клиенттер онда орын болмаса, бізге келеді. Ол жақтан кофе алса, бізден тәтті тоқаш алады. Бүгінде бұл қалыпты жағдай, тіпті осы айда SmArt.Point-тағы кофеханамыз табысы бойынша рекорд жаңартып, 7 млн теңгеден астам пайда әкелді. Әлемдік брендпен бәсекелес болғаннан кейін қазір енді ештеңеден қорықпайтын болдық.