«Көп жағдайда фрилансер келісім жасамай-ақ бірден жұмысқа кірісіп жатады. Әркімнің өз себебі бар. Біреуі – қысқа мерзімдік жұмысқа құжат қажет емес деп есептейді, екіншісі – құжат дегеннен бойын аулақ ұстағысы келеді. Шындап келгенде фрилансер статусындағы жеке тұлғалар, әдетте, осылайша салық төлеуден қашқақтап жатады. Олар өз еңбегінің ақысын қолма-қол алғысы келеді. Ал мұның өзіндік тәуекел тұстары да жоқ емес, мысалға «жұмыс беруші» ертең алаяқ болып шығуы да мүмкін ғой?», - деп ескертеді Екатерина Полякова.
Әрине, келісім жасасқан жұмыс беруші де алаяқ болып шығуы ықтимал, айталық, егер фрилансер өз жұмысын әлеуметтік желілер арқылы тапқан болса. Ресейлік маман, заңды түрде жасалған келісімі бар фрилансер қажет жағдайда өзін қорғап, сотқа жүгіне алады деген кеңес береді.
«Сондықтан да онлайн негізде болсын, оффлайн болсын – жұмыс берушімен арада қандай да бір қатынас орнатқан екенсіз, дереу келісімге отырып, өз құқыңызды қорғап алуды ескеріңіз. Дұрыс жасалған келісімде фрилансер атқаруы тиіс жұмыстың ауқымы, бағасы және орындау кезеңі/уақыты бәрі анық көрсетілуі тиіс. Сол сияқты, құжатта орындалған жұмысты бағалау өлшемдері де көрсетілгені жөн, әйтпесе ертең жұмыс беруші «жұмыс толыққанды орындалған жоқ» деп сізге кінә артуы мүмкін. Келісім соңында екі тараптың да деректемелері көрсетіліп, қолдары қойылуы тиіс», - дейді Полякова ханым.
ФРИЛАНСЕР ҚАНДАЙ САЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ?
Айта кетейік, 2019 жылдың басынан бері қазақстандық фрилансерлер Мемлекеттік кіріс департаментінде тіркеліп, салық төлеуге міндеттелді. Фрилансерге салынатын салықтар туралы бізге отандық заңгер Болатбек ЕРЖАН түсіндіріп берді.