KZ

СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОЙЛАУДЫ ҮЙРЕНУ КЕРЕК

Елнұр ӘЛІМОВА – «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқып келген әріптестеріміздің бірі. «Жас Алаш» газетінде жұмыс істейді. «Ағылшын жастары ел тағдыры өз қолында екенін біледі» дейді ол.
Мемлекеттік «Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан жастарына жаңа мамандықтарды игеруге, оны шетелдік озық тәжірбиелермен ұштастырып, елге сауатты маман болып оралуға жағдай жасап отырғаны анық. Бүгінде «Болашақ» түлектері еліміздің көптеген салаларында табысты еңбек етіп жүр.
Елнұр, қай елде, қандай мамандық бойынша оқып келдіңіз?

Ұлыбританияда, Дарем Университетінде «Әлеуметтік зерттеу әдістері» (Әлеуметтану) мамандығы бойынша.

Ондағы білім беру жүйесіне тән ерекшеліктер туралы не айтасыз?

Англиядағы білім беру жүйесі Қазақстаннан қатты ерекшеленеді. Бізде мектептен бастап оқыған шығарманың мазмұнын баяндау, жаттау тәрізді тапсырмалар беріледі. Ал Англияда балабақшадан бастап баланың сыни ойлау қабілетін (critical thinking) қалыптастыруға көңіл бөлінеді. Оларда жаттау, мазмұндау дегендей тапсырмалар жоқ. Одан гөрі оқыған шығарманы талдап, соған қатысты өз пікірін жеткізе білу маңызды, олар балаларды соған үйретеді. Университетте де солай. Қандай да бір ғалымның зерттеуі мен тұжырымын біржақты ақиқат деп қабылдамай, оған балама немесе қарсы тараптың зерттеуімен танысып, өзің сарапқа салып, талдап, белгілі бір қорытынды жасауың керек.
Лекция, семинарлар қалай өтеді?

Университетте лекция мен семинардың тақырыбы бір болғанымен, лекцияда айтылғанды семинарда мұғалімге қайта айтып беру деген жоқ. Англия университеттеріндегі семинардың форматы мүлдем бөлек. Лекция мен семинарға оқылуы тиіс әдебиеттің ұзын сонар тізімі беріледі. Бастапқыда Қазақстандағыдай тікелей, нақты сұрақ қоятын шығар деп ойладым. Бірақ семинарда бізді топқа бөліп, әр топқа бірнеше сұрақ беріп, жұмыс істететін. Қызығы, ол сұрақтың жауабын ешбір оқулықтан таппайсың, өйткені жоғарыда айтып өткенімдей, Англияда сыни ойлауға басымдық беріледі. Мәселен, «Дюркгеймнің зерттеу әдістері қаншалықты дұрыс, ол қаншалықты тиімді?» дегендей сұрақ қоюы мүмкін. Оның зерттеу әдістері тиімді не тиімсіз деген күннің өзінде, мұны терістейтін ғалымдардың зерттеуін қоса айтуың керек. Бұл міндетті.

Қазақстанда оқығанда М. Вебер, З. Бауман, Э. Дюркгейм сияқты ғалымдардың пікірін ақиқат деп қабылдап, оған сыни тұрғыдан қарауды білмейтінбіз. Сондықтан бастапқыда маған әлеуматтанудың негізін қалаған немесе бертіндегі белді ғалымдардың еңбектеріне сыни көзбен қарау қиындау болды. Жалпы, посткеңестік елдерден келген студенттердің бәрі де сыни ойлаудан қиналып жатады. Өйткені бізде кез келген ғалым, жазушы, зерттеушінің айтқанына имандай сеніп, күмән келтірмей, толық қабылдау тән. Мектептен бастап солай оқытады. Ал Ұлыбританияда жүз жерден ұлы ғалымның еңбегін оқысаң да, оның зерттеуіне күмәнмен қарап, сын тезінен өткізе білуің керек
Ағылшындар арасында қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Ұлыбританияда дәрігер мамандығына сұраныс жоғары. Содан да болар, медицина факультетінде білім алған шетелдік студенттердің көпшілігі сол елде қалып жатады. Ауруханаға барғанда да көз жеткізесіз: дәрігерлердің ішінде өзге елдерден келген әртүрлі ұлттың өкілдері көптеп кездеседі.

Сол сияқты, қазір барлық елдердегідей IT саласының мамандары да жоғары сұранысқа ие. Тағы бір байқағаным, оқытушы мен мұғалім мамандығы қатты бағаланады. Олардың жалақылары да әжептәуір. Әсіресе, дәрежесі бар, тәжірибесі мол профессорлардың жалақысы жылына 60 мың фунт стерлингке дейін жетуі мүмкін.
Ағылшын жастарын не қызықтырады? Олар қандай құндылықтарды маңызды санайды?

Меніңше, барлық елдің жастары әртүрлі. Қазақстанда да. Яғни, Англияда жастар «осындай екен» деп кесіп айту қиын. Дей тұрғанмен, Англия жастары білім алу мен демалуды үйлестіре біледі. «Work hard, play hard» деген ұран ұстанады, яғни «аптасына бес күн өзіңді аямай жұмыс істе де, демалыста барынша демал» деген мағынада. Университеттегі жастар волонтерлікпен көп айналысады. Мәселен, университетте болашақ студенттерге арналған ашық есік күндерінде олар ерікті түрде жұмыс істеп, ата-аналар мен мектеп оқушыларына жол көрсетіп, сұрақтарына жауап беріп, университет жайлы ақпаратпен бөліседі. Бұдан бөлек оқудан босағанда студенттер әртүрлі клубтарға жазылып, соларға қатысады (клуб дегенде – біздегідей түнгі ойын-сауық клубы емес, дебат клубы, құқық қорғаушылар клубы, ЛГБТ клубы, т.т.).

Англия жастары демократиялы, либералды қоғамда дүниеге келгендіктен, өздері де сол құндылықтарды әспеттейді. Ағылшын жастары бақытты дер едім, өйткені елдің тағдыры өз қолында екенін біледі және саяси шешімдер қабылдауға қатыса алады. Мұны әсіресе 2016 жылы – Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын қарастырған референдум кезінде байқадым. Менімен бірге жатақханада тұрған студенттер референдумда өздері барып дауыс берді. Біздегідей студенттерді сайлау учаскесіне жаппай сүйреп апару деген атымен жоқ. Әркім өз еркімен барып дауыс береді. Менің көршім болған британдық жігіт Еуроодақтан шығуды қолдады. Себебін сұрағынымда, «біздің елдің тағдыры Брюссельде емес, Лондонда шешілуі керек» деп жауап берді.

Ұлыбританияның жастары ғана емес, жалпы бүкіл халқы қарапайым. Мен түскен университетте негізінен жоғары кластың, дәулетті отбасылардың балалары оқыды. Мұны ол елде сауалнама арқылы анықтайды. Дәулеттілер ең көп оқитын университтердің рейтингінде Дарем екінші орында. Дегенмен дәулетті отбасынан шыққан балалар өзге студенттерден еш ерекшеленбейді. Қымбат көлік мінбейді, қарапайым киінеді.

Біздің жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз? Мысалға, ағылшын тілін қалай үйренген жөн?

Тіл үйренуді неғұрлым ерте бастаған жөн. Өйткені оған уақыт кетеді. Шетелге шыққысы келетін жастар құр шетелге баруды көздемей, белгілі бір мақсатқа негізделгені дұрыс. «Мына университетте мына мамандық бойынша оқимын» дегендей. Университет таңдағанда да мұқият болған жөн: рейтингке қарау керек. Ол университеттің сіз оқығыңыз келетін мамандық бойынша рейтингі қандай, қандай профессорлар бар? Қысқасы, анық жоспар болғаны дұрыс. «Анау оқып жатыр, мен де барып келейін» деген қисынсыз ойдың жетегінде кетпеу керек. Мен өзім ағылшын тілін мектепте, 5 сыныптан бастап оқыдым. Жалпы, тіл үйрену – ол адамның өзіне байланысты. Курсқа жазылып оқу міндет емес. Оның үстіне қазір мүмкіндік көп, Интернет бар, youtube-те тегін сабақтар бар. Ниет болса, адам бәрін де үйреніп, игере алады.

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda