KZ

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ІТ-НАРЫҒЫН ИГЕРУГЕ КІРІСТІ

Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған қыз балаларға арналған Техникалық лагерьде жоғары сынып оқушылары технологияларды дамытуға негізделген ғылыми жобаларды қорғап, жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
«Шеврон» компаниясы және Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен өткен техникалық лагерьде қыз балалар Arduino платформасында бағдарламалауды, 3D принтерлерде және фрезерлік станоктарда FDM (Fused Deposition Modeling) технологиясымен жұмыс істеу жолдарын үйренді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты қыздарды шабыттандырып, ынталандырумен қатар, технология және нақты ғылымдар саласындағы қарқынды практикалық жаттығулар арқылы оларға өз идеяларын жүзеге асыруда тыңғылықты білім беру.
Айтқандай, техникалық лагерьде білім алған 10 және 11 сынып оқушылары София Чуянова мен Наргиза Баймет әзірлеген GoGoGreen жобасы қазылар алқасының көңілінен шықты.
«Мен 10 сыныптың оқушысымын. Биотехнологияға қатты қызығамын. Әсіресе, соның маңызды негізін қалаушы – бағдарлама әзірлеу ұнайды. Астанадағы «Американдық бұрыштың» инстаграмдағы парақшасынан лагерь туралы оқығанда, бұл мен үшін керемет мүмкіндік екенін түсіндім. Лагерьден көп нәрсе түйдім: Ардуинода бағдарлама жасауды үйреніп, жобаны таныстыру барысын ұғындым. Топта жұмыс істеу ұнады. Біз Наргиза екеуміз GoGoGreen жобасын әзірледік. Бұл жоба бағбандар мен диқандарға, қарапайым адамдарға тиімді болмақ», - дейді техникаға жаны құмар София Чуянова.

Ал, оның жоба бойынша әріптесі, 11 сынып оқушысы Наргиза Баймет, бұл жоба топырақтағы ылғалдылық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді дегенді айтады.
«Қондырғының көмегімен ылғалдың мөлшерін бақылап отыруға болады. Яғни, бұл қондырғы өсімдіктерге дұрыс күтім жасауды біле бермейтін жандарға арналған. Ол Ардуино мен макеттен құралған. Диодтар шкала қызметін атқарады, топырақтың, жердің құрамындағы ылғалдылықты көрсетеді. Өсімдікті суару қажет пе деген сауалға жауап табуға болады», - дейді Наргиза.

Техникалық лагерь қыздарға көптеген мүмкіндік берді деп отыр София мен Наргиза. Қалай дегенмен, IT саласы бүгінде ерлердің мекені деп саналатыны жасырын емес қой.
«Он күнге созылған лагерь барысында білім мен идеяны ұштастырып, жақсы да пайдалы жобаларды жүзеге асыруға болатынын түсіндім. STEM саласын зерттедік, білім алдық, жобаларымызды іске асырып көрдік. Мұндай игі шара жиі ұйымдастырылса деген тілегіміз бар», - дейді Наргиза Баймет.
Жалпы, технология индустриясында жұмыс істейтін қыз-келіншектер саны әлем бойынша өте аз деп саналады. Еуропада, мәселен, әйелдердің 7%-і ғана техникалық лауазымға ие көрінеді. АҚШ елшілігі экономика бөлімінің маманы Райна Фарнсворттың пікірінше, әдетте, орта мектепте оқып жүргенде қыз балалар ең жоғары баға алады.
«Алайда олар информатика факультетіне оқуға түсуге университетке барғанда студенттердің 82%-ін жігіттер, 17%-ін қыздар құрайды. Бірақ, қазіргі таңда әлем қарқындап өзгеріп жатыр, ер адамдар басымдық танытқан салаларда нәзік жандылар да қыруар шаруа атқара алатынын дәлелдеуде. Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық өкілдігі жастардың ІТ саласына деген қызығушылығын арттыруға негізделген, әсіресе, қазақстандық қыздардың техникалық білімге қол жеткізуіне арналған бастамалар мен жобаларды қолдауға әрқашан дайын», - дейді ол.
Айта кетейік, Техникалық лагерьде қыз балалар ормандарды өрттен қорғаудан бастап «ақылды» қоқыс жәшігіне дейін қызықты жобалар ұсынды. Олардың жұмыстарын АҚШ елшілігі мен «Шеврон» компаниясының өкілдері, сонымен бірге Technovation халықаралық байқауының елшілері бағалады.

Асқар АҚТІЛЕУ,
Нұр-Сұлтан қаласы

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda