ҚАЗАҚСТАН ҮШІН МҮМКІНДІКТЕР
Білім беру саласы – сарқылмас ресурс десек, бұл мүмкіндікті Қазақстан тиімді кіріс көзіне айналдыра ала ма? Бұл үшін не істеген дұрыс? Ең алдымен, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердегідей транс-шекаралық оқу орындарын ашуға болады, мысалға, әлемге әйгілі оқу орындарынан франчайзинг алу не аккредитациялау негізінде. Қос дипломдық жүйені дамытып, олардың филиалдарын ашу да ұтымды жол. Болашақ студент сол танымал оқу орнына қабылданып, университеттің оқу бағдарламасы бойынша білім алады, бірақ оқуының негізгі бөлігі Қазақстанда өтеді. Тек, дипломдық жұмысты қорғау барысында бас университетке барып келеді. Халықаралық білім беру саласының сарапшылары осындай институционалдық ұтқыр үдерістерді жиі сөз етуде. Оның бір мысалы Knowledge Village (Дубайдағы Білім ауылы), Education City (Катардағы Білім беру қаласы) тәрізді шетелдік институттарды аумақтық инновациялық немесе экономикалық даму стратегиясы ретінде қарастырып, офшорлық кампустар ашып, аумақтық кластерлердің құрылуы.
Әрине, батыстың үздік оқу орындарында білім алу үшін ағылшын тілін білу міндетті. Бұл тұрғыда Қазақстан үш тілді жетік меңгеру ұстанымы негізінде ағылшын тілін дамытуды қолға алып, елімізге халықаралық студенттерді көптеп тарта алады. Кей деректер бойынша, алдағы 10 жылда дүние жүзінде 2 млрд адам ағылшын тілін үйренеді деген пайым бар. Отандық білім беру саласында сапалы реформалар жүзеге асып, ағылшын тілі орта мектептерде де, жоғары оқу орындарында да тереңдетіліп оқытылса, маман даярлау, тіл үйрету курстары дұрыс жолға қойылса – Қазақстанның білім беру жүйесінің тартымды имиджі де арта түскен болар еді. Өз кезегінде бұл шетелдік студенттердің Қазақстанға қарай бет түзеуіне жол ашуы әбден мүмкін. Яғни, халықаралық студенттер елімізде жоғары білім алумен қатар, ағылшын тілін де, орыс тілін де меңгере алады деген сөз (мысалға, Орталық Азия, Түркия, Қытай студенттері). Шетелдік студенттер үшін Қазақстанда білім алудың тағы бір тиімділігі – бізде білім алу, пәтер жалдау, тұрмыстық қызмет және т.б. шығындар әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Бұл арада еліміздегі саяси тұрақтылықтан бастап, сұлу табиғатқа негізделген ішкі туризмнің мүкіндіктері сынды өзге де факторларды алға тартуға болады.
Әрине, Times Higher Education тәрізді халықаралық академиялық рейтингтерде алғашқы орындардан табылатын әлемдік университеттермен бәсекеге түсу оңай емес. Бірақ, айталық, Еуразиялық экономикалық одақ, Қытай және Орталық Азия елдері үшін Қазақстан ағылшын тілін меңгеру жолындағы өзіндік оазиске айнала алар еді, егер, әрине, бұл тұрғыда елімізде дұрыс та сапалы жоба әзірленіп, іске асса. Көршілес елдерде бүгінде халық саны жоғары, бірақ оларда ағылшын тілі әлі де толыққанды дами қойған жоқ. Ағылшын тілді елдер олардан алшақ орналасқан. Сол себепті де Қазақстан үш тілді жетік меңгеру ұстанымы негізінде көршілес мемлекеттердің алдындағы артықшылық, мүмкіндіктерді дәл қазір барынша тиімді пайдалана алады.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, 2018-2019 оқу жылында Қазақстанда 23 мыңдай шетелдік студент білім алған...
Нұржан ЖЕҢІСҰЛЫ