KZ

ҚАЛДЫҚ БИРЖАСЫ: ҚОҚЫСТАН ШИКІЗАТҚА ДЕЙІН

2018 жылы еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың 11%-і ғана қайта өңделген. Үкімет жоспарына сай, бұл көрсеткіш 2030 жылы 40%-ке, 2050 жылы 50%-ке дейін жетуі тиіс.
 
Олай болса республика халқы тұрмыстық қалдықтарды жинап, сұрыптап-бөліп, оны өңдейтін зауыттарға тапсыру жолдарын біліп жүргені дұрыс.
Бұл мәселені шешудің өзіндік бір бағыты бүгінде KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығы тарапынан қарастырылуда. Олар Қазақстанда алғаш рет түрлі қалдықты сатып алуға, сатуға мүмкіндік беретін Қалдықтар биржасы сайтын ашып, іске қосты. Порталдың қызметі туралы бізге оның үйлестірушісі әрі эколог маман Айжан Рысқұлова әңгімелеп берді.
Айжан Рысқұлова
Айжанның мәліметінше, Қазақстанда қалдық пен екінші деңгейлі шикізатты өңдейдін 150-ден астам компания мен зауыт бар. Бұл кәсіпорындарға үнемі шикізат қажет болады, яғни өңдеуге тұратын қалдық. Олар қалдықтан дайын өнім шығарады. Қалдықтар биржасы сайты осындай компаниялардың мәселесін шешуге септік етпек.

Қалдықтар биржасының сайтында кез келген адам тегін хабарландыру жариялай алады. Бұл үшін сайтқа тіркеліп, қалдық көлемін, бағасын, мекен-жайын көрсетіп, суретін жүктеу керек. Хабарландыру басты беттегі «Жедел ұсыныс» бөлімінде жарияланып, іздеген адамға бірден көрінеді. Сайтта хабарландыруды қоқыс түріне қарай жіктеп көрсетуге де болады.

Экология мәселесін шешуге бағытталған осынау ерекше жобаны эколог Лилиана Әлжанова да құптап отыр. Бірақ, ол бұл сайтты әлі де дамыту керек деп есептейді.
Лилиана Әлжанова
«Мұндай алаң Қазақстанға өте қажет. Бұл сайт енді-енді аяқтанып, дамып жатыр ғой. Ол қазір ауқымды қалдық шығаратын ірі компаниялар мен кәсіпорындардың мәселесін шешуге бағытталған. Ал бізде қарапайым тұрғындар шығаратын қоқыс қалдықтарын жинап, өңдеуге жіберу мәселесі әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, өзім қалдық түрін үйде сұрыптап, ауладағы арнайы қоқыс жәшіктеріне бөлек-бөлек тастаймын. Алайда оны алып кетуге келген көлік бәрін бірдей лақ еткізіп, тиеп әкетеді. Ендеше үйде отырып біздің қоқыс сұрыптауымыз бекершілік деген сөз. Ал үйде жиналған азғантай қоқысты қала шетіндегі бекетке апаруға жұрттың бәрінде бірдей мүмкіндік бар ма?!. Сондықтан да осы мәселе барынша тиімді шешіліп, оңтайландырылса, жақсы болар еді», - дейді Лилиана Әлжанова.

Эколог қоқыс өңдейтін компанияларға өз тарапынан ұсыныс та айтып отыр. «Бұрын пошта салатын металл қорап болатын еді ғой. Сондайдың үлкендеу түрі болса – есігін құлыптап, тесік жасап қою керек. Оған сонда біз, яғни қарапайым жұрт қағаз тастаймыз. Және де оны қоқыс жинайтын көліктер емес, өңдеуші компаниялар аптасына бір рет келіп, алып кетсе дұрыс болар еді», - дейді Лилиана Әлжанова.
Ал Қалдық биржасы сайтының үйлестірушісі Айжан Рысқұлованың айтуынша, сайттың көмегіне тек ірі компаниялар ғана емес, қарапайым тұрғындар да жүгіне алады. Порталға соңғы он күнде 47 заңды тұлға, 53 жеке тұлға тіркеліпті.

«Қазіргі уақытта сайтта электрон, пластик және қағаз қалдықтар туралы хабарламалар сұранысқа ие болып, көп қаралып жатыр. Өкінішке қарай, біз сайт арқылы қалдықтардың қаншалықты сатылып жатқанын бақылай алмаймыз. Сайт тек азаматтарға өзара байланысуға мүмкіндік береді. Бұл мәселені шешу мақсатында тіркелушілер арасында сауалнама жүргізіп жатырмыз», - дейді сайттың үйлестірушісі.

Қадықтар биржасында қалдықты сату, сатып алу қызметінен басқа, деректер базасы да бар. Онда осы саладағы түрлі компаниялардың атауы, немен айналысатыны және байланыс нөмірлері көрсетілген.

Негізі, осы секілді қалдықтар биржасы дамыған елдің бәрінде кеңінен қолданылады. Айжан Рысқұлова, әсіресе, Түркия, Ресей елдерінің тәжірибесі үлгі етуге тұрарлық деп отыр.
Оның айтуынша, қалдық өңдейтін арнайы кәсіпорындарға жиналатын шикізат көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Сондықтан да қоқыс атаулы дала полигондарында қалып кетпей, қайта өңдеуге жіберілгені тиімді болмақ.

Мейірім БАҚЫТЖАНОВА

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda