«Азық-түлік базарына барғанда өзімнің экопакетімді апарамын. Ондағы сатушылар «пакет тегін беріледі ғой, неге алмайсың» деп таңғалады. Мен оларға полиэтилен пакет санын көбейткім келмейтінін айтып, зиянын түсіндіремін», - дейді ол.
Экобелсендінің пікірінше, күнделікті өмірде пайдаланылатын заттар арасында пластикті азайтқан жөн. Ол үшін экопакет қолданып, тіс пастасын, сусабынды үйде де жасауға болады. Айталық, кір жуу ұнтағының орнына сабын жаңғағын, ыдысжуғыштың орнына қыша ұнтағын пайдаланса, ыдыстағы май жақсы кетеді екен.
«Мен тіс пастасын қолдан жасаймын. Себебі, біріншіден, ол экологиялық өнім, екіншіден, оның қаптамасы өңдеуге келмейді. Қалдығы өңделмейтін заттардан аулақ жүру керек», - дейді экобелсенді.
Бану-Ақкүміс Құспанова – «Recycle БІРГЕ» қоғамдық қорының негізін қалаушы. Ол Алматыда, Ақтауда экосенбіліктер ұйымдастырып, отандастарымызды экологияға жанашыр болуға шақырып жүр. Оның айтуынша, уақыт өткен сайын табиғатқа жанашыр жандар көбейіп келеді.
2016 жылдан бастап Қазақстанның полигондарында құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды, металл сынықтарын, пайдаланылған майлар мен сұйықтықтарды, батареяларды, электрон қалдықтарын тастауға тыйым салынған.