Қазақстан жастары арасында кітап оқу мәдениеті шынында да төмен бе? Жалпы, отандық кітап нарығы қандай деңгейде? Біз осы тұрғыдағы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Steppe&WORLD баспасының басшысы Раиса Сайранқызының пікірінше, жастар арасында кітап оқу мәдениеті жоғалған жоқ.
«Кітап жоқ қой... Мәдениет жоғалмайды. Кітап тұрып, мәдениет жоғалды деген – өтірік. Адамдар қазір қандай да бір контентті электрон нұсқада оқуға көшті. Өз басым жастар кітап оқымайды дегенге сенбеймін. Әлемдегі ауқымды да танымал кітап жәрмеңкелеріне барып көріңіз. Миллиондаған кітапты мыңдаған адам талқылап жатады», - дейді Раиса Сайранқызы.
Бұл пікірге журналист Ақжарқын Қыдырханова да қосылады. Кітап дүкеніне қашан барсаң да, жастар толып жүреді, дейді ол. Ал журналист Дана Маратова замандастарының кітапты аз оқитынын мойындайды. «Айына бір кітап оқуға ғана шамам жетеді. Достарымның арасында да кітап оқитындар аса көп емес. Мүлдем кітап оқымайтын таныстарым да бар. Расымен, жастар кітапты аз оқиды дегенмен келісемін», - дейді ол.