KZ

Мақсаты биiк мамандар

Әлеуметтiк жылжымалы жедел жəрдем ашуды көздейдi

Бейбіт пен Ұлбосынды көпшілік сыйлайды, құрметтейді, іздейді. Өйткені олар еміне шипа іздеген кез келген жанның қасынан табылып, дəрігер деген қастерлі мамандыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр.
Арыс қаласында туып-өсіп, сонда білім алған жас дәрігерлердің армандары асқақ. «Қазақстан халқының денсаулығы мықты, медицинасы бəсекеге қабілетті әрі халыққа қолжетімді болуы керек» дейді олар. Бейбіт пен Ұлболсынның осы жолдағы ұстанымдары да ерекше. Олар көпшілікке үздіксіз қызмет көрсететін «Əлеуметтік жылжымалы жедел жəрдем қызметін» жүзеге асырғысы келеді.
«Біз бұл қызметті біраздан бері бастап та кеттік, - дейді Бейбіт ДОМАЕВ. - Медициналық
колледждің фельшер-акушер мамандығын бітіргеннен кейін, мен бірнеше жыл туған қаламда жұмыс істедім. Арыстағы қалалық аурухананың терапия бөлімшесінде медициналық көмекші (медбрат), хирургиялық бөлімшеде анестизист, емдеу бөлімінің маманы, нарколог секілді жұмыстар атқардым. Жұбайым Байжігітова Ұлбосын С. Ж. Асфендияров атындағы медициналық институттың түлегі, терапевт-кардиолог. Алматыға келгенімізге төрт жыл болды. Осында жұмыс істей жүріп, халықтың медициналық көмекке мұқтаж екенін байқадық. Дəрігерлер таңғы сегізден кешкі беске дейін адам қабылдайды, кезектегілердің легі де үзілмейді. Кейбіреулері дəрігердің қабылдауына кіруге немесе УДЗ-ға (УЗИ) түсуге кешке дейін үлгермей жатады. Қаланың шеткі аудандарында жекеменшік медициналық мекемелер жетіспейді. Мемлекеттік емханалар дəрігердің көмегіне мұқтаж жандардың бəрін бірдей қабылдап үлгермейді...».
Бейбіт пен Ұлбосын жұмыстан кейін де айналасындағы жұртқа медициналық көмек көрсетіп, қарттарға, зейнеткерлерге укол салу, дәрі тамызғыш қою сынды процедураларды тегін орындап жүр. «Алматының шет аудандарында жекеменшік медициналық мекемелер аз. Мемлекеттік емхана бар дегеннің өзінде, ол жерден жергілікті тұрғындардың бəрі ем алып үлгермейді. Мұны біз өз тəжірибемізден көріп жүрміз. Мен жұмыстан тыс уақытта қарттардың шақырумен барып, оларға дəрігер белгілеген уколдарын тегін салып беремін. Сол кезде тұрғындардың көпшілігі маңайларында ем алатын процедуралық кабинеттің жоқтығына, дəріханалардың алыстығына шағымданады. Жақын маңдағы емханаларда дəрігерлер жетіспейді. Осындай жағдайларды күнделікті көретіндіктен, жұбайым екеуміз ақылдаса келе, көпшілікке қажет мобильді процедуралық кабинет ашу керек деп шештік. «Əлеуметтік жылжымалы жедел жəрдем» қызметі арқылы біз, ең алдымен, егде жастағы кісілерге қолдау көрсеткен болар едік. Бізде жалғызбасты қарт зейнеткерлер көп. Мен оларға үнемі тегін қызмет көрсетіп кетемін. Оны мен өзімнің жеке дәрігерлік міндетім деп есептеймін. Бірақ енді осы қызметті кәсіби деңгейдегі міндетті жұмыс ретінде жолға қойсам деймін. Егер бізде оған қажетті аппараттар болса, біз, онда медициналық көмекке мұқтаж жандарға тегін қызмет көрсетер едік» - дейді Бейбіт.

Білімі мен тəжірибесін көпшіліктің игілігіне жұмсағысы келетін жас дəрігерлердің бұл идеясын жүзеге асыру үшін, кем дегенде, екі миллион теңгеден астам қаражат керек екен. Қай аппаратқа қанша қаражат кететінін жобалап есептеп отырған жас дəрігерлер, əлеуметтік мобильді көмек қызметі алдағы уақытта міндетті түрде іске асады деген үмітте. Бейбіт пен Ұлбосынның жобасы жүзеге асып жатса, ертеңгі күні 1, 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызілікті зейнеткерлер, ауруханаларға өздігінен жете алмайтын адамдар тегін қызмет алу мүмкіндігіне ие болар еді. Олар алдағы уақытта өз ауданы бойынша осындай əлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың тізімін де жасамақ.
Бұл жоба үшін Бейбіт пен Ұлбосын өз күштерімен біраз қаражат та жинапты. Алайда, көпшілікке белгілі Арыс оқиғасы жас мамандардың жоспарларына ептеген өзгеріс енгізген. «Əлеуметтік жылжымалы жедел жəрдем» жобасын ашу үшін жинаған қаражаттарын олар Арыстағы жарылыстан зардап шеккен жақындарының үйлерін қалпына келтіруге бағыттапты.

Мақсаты биік мамандар өз идеялары қалайда жүзеге асып, дəрігерлік көмекке мұқтаж жандарға қызмет ететіндеріне сенімді. Бұл идеялары Алматы қаласы əкімдігінің назарынан да тыс қалмайды деген үмітте. Алматы жастардың, жаңа идеялардың, жаңа мүмкіндіктердің қаласы. Бұған Бейбіт пен Ұлбосын еш күмән келтірмейді.

Шолпан ҚАРАЕВА

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda