KZ

МАҚСАТЫ БИІК ВОЛОНТЕР КӨШІ

2020 жыл елімізде Волонтерлер жылы деп жарияланды. Соған сәйкес алдағы жылы Қазақстанда волонтерлердің алыс, жақын шетелдік іс-сапар шығындарын қаржыландыру мүмкіндіктері де қарастырылмақ.
Айта кетсек, Қазақстанда волонтерлік қызмет туралы заң 2016 жылы қабылданды. Бұл заңда отандық волонтерлердің құқықтары белгіленіп, көрсетілген.
Волонтерлік ұйымдарға 18 жасқа толған әрбір Қазақстан азаматы мүше бола алады. Егер волонтер болам деген үміткердің жасы 18-ден кіші болса, онда ол ата-анасының рұқсатын алуы керек және де жазбаша түрде.

Волонтерлер көшіне қосылам деген үміткер оған өз еркімен, өз таңдауымен, өз ниетімен келуі керек. Бұл арада күштеп жұмылдыру, шарт қойып, талап ету дегендей үстемдік жүрмейді.
Волонтерлік ұйым өкілдері, Қазақстанда еріктілер қызметі үшін басымды бағыт деп әлеуметтік сала мен экология мәселелері, білім және денсаулық салалары, корпоративтік волонтерлік белгіленгенін айтады.

Ал 2020 жылы елімізде волонтерлерді халықаралық қаржыландыру бағдарламасы іске қосылмақ. Бұл – қазақстандық волонтерлер өзге елдердегі еріктілер жобаларына ат салысып, алыс, жақын шет елдердегі әріптестеріне көмектесе алады деген сөз.

Волонтерлік ұйым өкілдері, бұл Қазақстандағы ерікті жастарға волонтерлік тәжірибе жинақтаумен қатар, өзге тілдерді, мысалға, ағылшын тілін барынша меңгеруге, өз бойындағы мүмкіндік әлеуетін толық ашып, білімін жетілдіруге жол ашады деп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, еліміздегі волонтерлік жобаларды бірнеше бағытта біріктіріп, жүзеге асыруды ұсынды.

«Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы керек. Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта Асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет», - деді мемлекет басшысы 10 желтоқсанда ел астанасында өткен Жастар жылының жабылу салтанатында.
Мемлекет басшысының ұсынысын тарата айтар болсақ, «Сабақтастық» жобасы – балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық дегенді меңзейді, ал «Саулық» бағыты – науқас жандарға медициналық күтім көрсету тұрғысында.

«Таза әлем» – қоршаған ортаны қорғау, «Асыл Мұра» – халқымыздың материалдық және рухани тарихи-мәдени мұрасын сақтау, «Қамқор» – қарттар үйіне қамқорлық көрсету аясындағы еріктілер жобаларын қамтиды.

Сол сияқты, «Білім» жобасы ауыл-аймақтарда жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындыққа көмектесу, ағылшын тілі мен компьютерлік сауатты толықтыру мақсатындағы волонтерлік ұсыныстарға негізделеді.

Ал «Үміт» бағыты Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлестеріміздің ерен ерлігі туралы құжаттарды іздеп, зерттеуге бағытталған. Айта кету керек, 2020 жылы Қазақстан волонтерлері ресейлік әріптестерімен бірлесіп Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне Мәскеуде өтетін іс-шараларға да ат салыспақ.

«Волонтер болу кез келген адамның қолынан келеді, бірақ бұл арада ескеретін өзіндік ерекше міндеттер мен талаптар бар, - дейді волонтерлер қозғалысына біраз жылдан бері араласып, тәжірибе жинақтаған замандасымыз Эльмира ЖҰМАТАЙ. – Волонтер үшін адамгершілік, өнеге дегендей адами қасиеттер бос сөз емес. Ол гуманитарлық, әлеуметтік, экологиялық жобаларға көз бояушылық мақсатта емес, шынайы таңдауымен, жан қалауымен қатысып, бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізуге дайын әрі мүдделі болуы тиіс».

Бүгінде дүние жүзі бойынша, волонтерлік ұйымдар табиғи катаклизмдер аумағында зардап шеккендерге көмек көрсетіп, әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын тұрғызуға; әскери не табиғи қауіпті аймақтарда медициналық көмек көрсетіп, балаларға, қарттарға, жалпы, қарапайым тұрғындарға, босқындарға барынша қолдау көрсетуде.

«Айталық, Австралиядағы қырғын өрт салдарында ну ормандарда қырылып жатқан, зардап шегіп, отқа күйген коала, кенгуру сынды жануарларға да көмек қолын созып жүрген волонтерлер», - дейді Эльмира Жұматай.

Сол сияқты, ол волонтерлік қызмет аясында мұқтаж адамдарға біліми-ағартушылық тұрғыда көмек көрсету өте маңызды дегенді айтады. «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың бойындағы шығармашылық әлеуетті, не спортқа деген бейімділікті арттыруға жол ашу, жалғызбасты қарттарға демеу болу; өзіңнен кейінгі буынға, мектеп оқушыларына, студенттерге өнеге болып, олармен өз білгеніңмен бөлісу; қоршаған ортаны, табиғатты қорғап, тазалау, сенбілік ұйымдастыру – бұл да волонтерлік жұмыстың өзіндік бір қыры», - дейді замандасымыз Эльмира.

Еріктілер жұмысындағы басты ерекшелік – волонтер өз жұмысына ақы сұрамайды, оның жұмысы, оның қызметі риясыз. Волонтерлік қозғалыстың символы – адамдардың қолы: жоғарыға көтерілген және түрлі-түсті. Өйткені волонтер кімге болса да адал ниетімен көмек қолын созуға даяр тұрады әрі «бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымды дәріптейді.
Эльмира Жұматайдың айтуынша, бүгінде көп адамдар балалар үйіне барып дастархан жайып, сыйлық таратуды волонтерліктің бір көрінісі деп түсінеді, шындап келгенде бұл дұрыс емес, «олар қателеседі».

«Одан да сол балаларға дастархан жаю дәстүрін, тамақ пісіруді, ас мәзірін әзірлеуді үйретсе – сол ұтымды. Баланың бойында керенаулық әдет қалыптастырудың қажеті жоқ. Бәріміз де бала болдық және бүгін ата-анамыздан көргенімізді істейміз. Ал балалар үйінде ондай тәрбие жоқ. Жетімін жебеген халықпыз, балалар үйіне көмектесем десек, ондағы балаларға үй болуды, қоршаған ортамен араласып, оған бейімделуді, қоғам ішінде әлеуметтенуді үйрету керек», - дейді Эльмира Жұматай.

Аружан КЕМЕР

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda