KZ

Адам қайғысы – Заман қайғысы...

Адамның жоғын материалдық көмек қана толтырады десек, қателесеміз. Бізді қоршаған орта мейіріммен ғана шуақты.
Біз көтерген мәселе бойынша өз пікірін ортаға салған Жазира фамилиясын көрсетпеуді өтінді. Біз уәдемізде тұрдық. Әлеуметтік көмекші болып жұмыс істейтін Жазира үйден білім алатын үш балаға сабақ береді. Осы үш бала туралы әңгімесінде оларды «балам, балаларым» деп ерекше мейіріммен сөйлейді...
«Сапасыз арба, қаңылтыр балдақ...»

«Екеуі ұл, біреуі қыз бала. 16, 12, 6 жаста. 16 жас пен 12 жастағы баланың интелектісі сақталған (орташа деңгейде). Екеуінің диагнозы бір – балалардың церебралды сал ауруы (ДЦП, гемиплегия), 6 жастағы баланың диагнозы – мидың зақымдалуы, - деп түсіндіреді Жазира. - Мүмкіндігі шектеулі балалардың қиындықтары көп және әртүрлі. Солардың ең әуелгісі: жыл сайынғы комиссия, яғни, олар медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясының алдынан өтуі тиіс. Бұл үшін балалар жылына екі рет ауруханаға, сауықтыру-оңалту орталықтарына жатып шығуы қажет. Ауданда бала көп болғандықтан кезектері келіп үлгермейді...».
Алюминий темірден жасалған балдақтың аз уақытта мүжіліп кететіні былай тұрсын, баланың екі қолтығын қажап, күлдіретіп тастайтыны бөлек әңгіме. Ата-аналар амалсыз балдаққа да, арбаға да мақта орап, губка салып әлекке түсіп жатады.
Одан кейінгі мәселе мұндай балаларға берілетін әлеуметтік көмек дегенге келіп тіреледі. Мүмкіндігі шектеулі балалар отыратын арба бес жылда бір рет беріледі. Былтыр менің бір балам алды (өзі әлеуметтік көмек көрсетіп жүрген баланы айтады – ред.), бір жылға жетпей коляскасы шашылып қалды, сапасы сын көтермейді. Темірі былқылдап тұр. Тағы бір балама берілген балдақты көрсеңіз... айтарға сөз таппайсыз. Бала үйде еңбектеп жүреді, сыртқа балдақпен шығады, 16 жаста... Алюминий темірден жасалған балдақтың аз уақытта мүжіліп кететіні былай тұрсын, баланың екі қолтығын қажап, күлдіретіп тастайтыны бөлек әңгіме. Ата-аналар амалсыз балдаққа да, арбаға да мақта орап, губка салып әлекке түсіп жатады. 12 жастағы қыз бала екі қолына ие бола алмайды, селкілдеп отырады, соның қолын байлайтын жұмсақ ременьдер жоқ, шешесі жіптің сыртына орамал орап, оны жалғап әлек болып жатады. Памперстері жайлы айтудың өзі ыңғайсыз. Тендерді ұтып алатын компаниялар науқас баланың несібесінен пайда көздемей, балалардың осындай қиындықтарын ескерсе деп ойлайсың. Бірақ бұл талай жылдардан бері қайталанып келе жатқан мәселе. Одан бөлек тағы бір проблема, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойыншықтардың жоқтығы. Біз, мүмкіндігінше, олардың бәрін өз қолымыздан жасауға тырысамыз. Балалардың мерекелері кезінде біз өзіміз демеуші іздеп, бизнесмендерге, саудагерлерге шығамыз. Олар шама-шарқынша балаларға киім-кешек, ойыншық алып береді. Балалар мұндай мерекелерді асыға күтеді. Олардың қуаныштарын көрудің өзі бір ғанибет», – дейді әлеуметтік қызметкер Жазира.
16 жастағы бала ашық теңізге шығып, кеме капитаны болғысы келеді. Алып кемемен суда жүзуді армандайды. 12 жастағы қыз бала «қанатым болса» деп армандайды. Сол қанатымен бүкіл әлемнің үстінен ұшқысы келеді.
«Балалардың қиялы жүйрik»

Тағы бір тұста Жазира, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйден оқытатын мамандардың «айлық жалақысы төмен, жұмыстары ауыр» дегенді айтады.

«Біз, мысалы, бір балаға аптасына екі рет, ал үш балаға – алты күн барамыз. Әр барғанда төрт сағаттан отырамыз. Сабақтар баланың қабылдау деңгейіне қарай жүреді. Біздің сабақтар көбіне дидактикалық оңалту тәсілдері. Сол жағы ауыр қозғалатын баланың сол қолына ойыншық ұстатып, сол қолымен сурет салдырып жаттықтырамыз. Оң аяғы қозғалмаса – оң аяғына пласмасс бөтелкелер қойып басқызамыз, кішкене көрпешелерді шиыршықтап орап, соны дөңгелетеміз. Әр баланың ерекшелігіне қарай ол ойындардың да жоспары құрылады, апта сайын мониторинг жасалады. Сол мониторингке қарай келесі аптаның жаттығулар жоспары құрылады. Балалардың сезімталдығы бөлек әңгіме. Кейде қарап тұрсаң қалыпты бала айта алмайтын ойға келіп, пікір айтады. Қиялдары шексіз... 16 жастағы бала ашық теңізге шығып, кеме капитаны болғысы келеді. Алып кемемен суда жүзуді армандайды. 12 жастағы қыз бала «қанатым болса» деп армандайды. Сол қанатымен бүкіл әлемнің үстінен ұшқысы келеді. Үлкенді сыйлау, адамның көңіліне қарау дегендей ұстанымдары жүректі елжіретеді. «Сіздің көңіліңізге келіп қала ма деп тұрмын», «Жүрегіңізге жақын қабылдамаңыз» деп сөйлейді... 12 жастағы қыз бала өлең жазады, өлеңдерінде – арман қуған қиял... «достарым көп болса» дейді. Біз оларды кейде жалпы білім беретін мектептерге алып барамыз. Сол кездері арбалардың сапасыздығынан, пандустардың жоқтығынан қиналамыз», – дейді Жазира.
«Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының өкпе-назын қоғам, олардың замандастары дұрыс түсініп, қабылдауды үйренуі керек» – дейді әлеуметтік қызметкерлер. Қоғам тарапынан түзу көзқарас, ілтипат, жан жылуын көріп, сезінсе – олардың жүрегіндегі ауыр жүк жеңілдер ме еді деп үміттенеді. Ал, қоғам ше, біздің бүгінгі қалыпты қоғам, қалыпты көпшілік бұған дайын ба?..

Шолпан ҚАРАЕВА

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda