KZ

ТАСТАҚТАҒЫ «КӨРШІЛЕР»

Алматының әлеуметтік алаңында «Театр соседей» жобасы 2017 жылы бой түзеді. Бүгінде осынау бірегей театр Тастақ тұрғындары арасында ғана емес, оңтүстік астананың өзге жұртшылығына да кең танымал.
Қазақта қоныс аударған кісіге «Көршің жақсы болса – тынысың» деп тілек айтып жатады. «Жақсы көрші тапқаның – Мол олжаға батқаның», «Көршімен татудың, көңілі тыныш» дегендей мақалдар да баршаға аян...
2017 жылдың соңын ала Алматыдағы Тастақ шағын ауданының тұрғындары «Театр соседей» жобасымен таныса алды. Әу баста жоба авторлары мұнда арнайы келіп, Тастақ жұртымен танысып, аталған жобаның мән-мағынасын түсіндірумен қатар, шағын ауданға тиесілі қоғамдық алаң мен қоғамдық ортаны бірлесе игеріп, ынтымақтастық негізде өзара қарым-қатынас орнатуды ұсынады.
Сөйтіп, Алматының «ынжық» саналатын аудандарының бірі Тастақта өз театр алаңы ашылып, шағын аудан жұртшылығы өз әлеуметтік кеңістігін қалыптастыруға ат салысады. Бұлай дейтініміз – театр сахнасының өзі аудан тұрғындарының қатысуымен дайын болған. Бұл үшін жоба авторлары мен Тастақтағы көрші-қолаң бірлесіп «шығармашылық сенбілік» те өткізген.
«Театр соседей» жобасы мегаполистегі шағын ауданның бірінде жергілікті театр ашу, былайша айтқанда қала тұрғындарының өзіндік оқшау театрын құру идеясына негізделеді. Жоба авторларының негізгі мақсаты – Алматы достық көңілдегі жылы шырайлы қала келбетінде қала берсе, қала жұрты бір-бірімен ашық-жарқын араласып, көрші-қолаң тату болса дегенге саяды.
Алеся Нугаева, «Экокультура» ҚҚ жетекшісі
«Театр соседей» дегеніміз – «Экокультура» қоғамдық қоры Алматының Тастақ шағын ауданында жүзеге асырған урбанистік жоба, - деп түсіндіреді жоба авторы әрі жетекшісі Алеся НУГАЕВА. - Бұл жоба аясында, біз, ең адымен, жергілікті қоғамдастықтарды дамытып, қала тұрғындарының азаматтық белсенділігін, олардың бір-біріне деген сенімін арттыруды, сондай-ақ қала, аудан ішіндегі өткір мәселелерді өзара бірлесе шешуге үйретуді көздедік».

Жоба авторлары өз идеяларын жүзеге асыру үшін Тастақта «қоғамдық кеңістік қалыптастырып, оны мәдени мазмұндағы контентпен толтыруды» жоспар еткен. Бұл үшін олар театрға тән «өзіндік плэйбек шығармашылық құралын» таңдаған.
«Біз қала орталығындағы аудандардың бірін емес, дәл осы Тастақты әдейі таңдадық. Алматы – ірі қала, мұнда орталықтан өзге перифериялық аудандар да бар. Ал ондағы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени мәселелері қалай шешіліп жатыр? Қала жұртының жұмыстан кейінгі бос уақыты қалай өтеді? Біз өз жобамызда осы мәселелерді қарастырып, жергілікті тұрғындарды ашық әңгімеге, пікірталасқа шақырдық», - дейді А. Нугаева.
Көршілер театрын құруды мақсат еткен Алесяның командасы Тастақ тұрғындарына өз жобасы туралы айта келе, олардың бір-бірімен өзара танысып, араласуына жағдай жасаған.

«Біз олармен бірлесе отырып, жоспар құрдық. Тастаққа тән қандай түйінді мәселелер бар, тұрғындар бос уақытын қалай өткізгісі келеді, кім нені үйренгісі келеді, кім нені үйрете алады, кімнің қандай ұсынысы бар деген сұрақтарды ашық талқыға салдық. Өйткені біз біржақты мәдени интервенция жүргізуге мүдделі емеспіз. Біз Тастақ шағын ауданын мәдени-әлеуметтік тұрғыда дамыту жобасын бірге жасадық», - дейді жоба жетекшісі.
2017 жылдың соңында көршілер театрына Тастақ тұрғындарынан 500-дей адам араласып, қолдау көрсеткен. «Халық демалыс күндері де, жұмыстан кейін де келіп, бізге сахна тұрғызуға көмектесті. Сахнаны әктеп, сырлауға ат салысты. Артынша мәдени шараларды өткізуге жұмыла қатысты. Әдетте отбасы мүшелері бірге келетін. Жас шамалары: еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін. Біздің де күткеніміз осы болатын, - дейді Алеся Нугаева. - Біз Тастақ жұртшылығын Алматының арт-кеңістігі өкілдерімен, театр қауымдастығымен жүздестіріп, әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырдық. Мысалға, театр шеберлігін шыңдау, сахнадағы импровизация шеберханасы, шығармашылық сабақтары, әртүрлі қойылымдар мен концерттер, кездесулер өткіздік. Оның сыртында, аудандағы тұрғындар ішінен дарынды, талантты жандарды ортамызға қосып, олардың бойындағы шығармашылық әлеуетті жандандырсақ деген де ниет болды».
Алесяның айтуынша, «Театр соседей» жобасы тек театр қойылымдарымен, не мәдени шаралармен шектелмейді. Жоба авторлары, сондай-ақ азаматтық шараларды ұйымдастыруға да мән берген. Шағын аудан ішіндегі маңызды да өзекті мәселелердің шешімін табуда аудан әкімшілігі өкілдерімен, қоғам белсенділерімен кездесулер өткізіп, тұрмыстық сипаттағы мәселелерді талқыға салған. Мысалға, жаяу жүргінші белгісін қай көшеге қойған дұрыс деген мәселеден, полицияға арыз жазуды үйретуге дейін. Басты ерекшелік: бұл сұрақтардың шешімін табу үшін сахна төрі қолданылған.
«Біздің жобадағы басты қолданыс құралы – плэйбек өнері, - дейді А. Нугева. - Бұл ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Нью-Йоркте пайда болған өзіндік бірегей бағыт. Оның негізін қалаған Джонатан Фокс, бұл бағытты «көршілер театры» деп атаған. Оған сәйкес, белгілі бір қауымдастық, не қоғамдастық өкілдері өзара жиналып, әркім өз басындағы проблемаларды ортаға салып, талқылап, оны дереу сахнада сомдайды. Бірақ бұл драмалық қойылым емес. Мұнда нақты бір адамның әңгімесі тікелей импровизация жолымен дәл сол арада бірден сомдалады. Яғни, залда отырған көрермен өз оқиғасын баяндап бергенде, сахнадағы әртістер оны дереу қойылым етіп сомдайды».
«Театр соседей» бүгінде әрі қарай дамып, өз бетінше пісіп-қайнап жатқан жоба. Тастақтағы көршілер құрған сахнаға бүгінде жергілікті тұрғындар өздері бас-көз болып жүр. Алесяның айтуынша, оларға аудандық әкімшілік те қолдан келгенше қолдау көрсетуде.
«Сахна бүгінде тіпті құлпырып кеткен. Әкімшілік оны әрі қарай әдемілеп, қайта жасақтап берді. Қазір бұл сахна өз бетімен жұмыс істеп жатыр. Яғни, аудан жұртшылығы бұл алаңда мемлекеттік деңгейдегі мерекелерді атап өтеді, шағын ауданның ішкі мәселелерін шешуге арналған кездесулерін өткізеді. Сол сияқты, мәдени, біліми шаралар, оның ішінде театр перформанстары, қолөнер сабақтары, әдеби кештер, шахмат турнирлері, шығармашылық концерттер ұйымдастырады. Біз Тастақ жұртын бір-бірімен таныстырып, олардың өз азаматтық құқықтарын біліп, түйсінуіне жағдай жасадық. Бұл жоспар ойдағыдай жүзеге асты. Қазір енді көршілер сахнасын Тастақ жұрты өз игілігіне пайдалануда. Біздің де көздегеніміз осы болатын», - дейді Алеся Нугаева.
Айта кетейік, «Экокультура» қоғамдық қорына «Театр соседей» жобасын ұйымдастырып, жүзеге асыруға Urban Forum Almaty жобасы және «Сорос Қазақстан» қоры қолдау көрсеткен.

Аружан КЕМЕР
Фотосуреттер «Театр соседей» жобасының ВКонтакте желісіндегі парақшасынан алынған

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda