KZ

Волонтер Динара

Отандық студенттердің волонтерлік қызметі елеусіз қалмайтын болды. Білім және ғылым министрлігінің «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы аясында, биылғы қыркүйек айынан бастап жеке және мемлекеттік ЖОО студенттері қоғамдық жұмыстарға қатысу негізінде, академиялық кредиттер сынағын қайта тапсыруға немесе оқу ақысын төлеуге бонус ала алады.
...Адам өміріндегі ең ерке де еркін кезең – студенттік шақ саналады. Содан да көпшілігіміз қызығы да, шыжығы да мол студенттік өмірдің қызығына батуды ойлайтынымыз жасырын емес. Ал замандасымыз Динара НҰРТАЙ болса, 9-сыныптан бастап волонтерлік қызметпен шұғылданады. Ол – Almaty Volunteers еріктілер қозғалысының мүшесі.
«Қазір осы қозғалыста бірнеше жобаның үйлестірушісімін. Біз көпбалалы, аз қамтылған отбасылардағы балалардың бос уақытын қызық әрі пайдалы өткізуге көмектесіп, оларды мәдени, ойын-сауық орындарына апарамыз. Қазірге дейін 2 мыңға жуық баланың Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіне, Ұлттық археология музейіне, Абай атындағы опера және балет театрына, Түрген шатқалы мен Есік көліне және дельфин терапиясына, иппотерапияға баруына септік еттік», - дейді волонтер Динара.
Волонтер ретінде Динара, өзі араласқан әр жобасын, әр қызметін мақтанышпен айтады. Адамдарға көмектескен сайын жақсылық жасауға шабыт алатынын да жасырмайды.

«Біз балалар үйімен де жұмыс істейміз. Жақында «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілерімен Family паркіне барып, экология тақырыбында сурет салудан байқау ұйымдастырдық. Конкурс соңында әрқайсысына Qazaq Republic деген жазуы бар киім сыйладық. Бұдан бөлек, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саинның қорымен бірге аутизммен ауыратын балалар арасында боулингтен турнир ұйымдастырдық. Ойын құмарына енген балалар, әбден қызығып, тіпті, кеткісі келмей де қалды. Мен де осы турнирден қатты әсер алып, волонтер болғаныма тағы бір рет қуандым», - дейді ол.
Динара Almaty Volunteers жобасына дейін де бірнеше ұйымды басқарған. Ол жастардың волонтер болуға құлшынысы туралы да айтып өтті.

Біздің Instagram желісіндегі парақшамызға күніне кем дегенде 10 хат келеді. Волонтер болғысы келетіндерден. Almaty Volonteers мүшелерінің жас шамасы 16–29 аралығында. Бірақ, жақында сенбілік өткізгенде қатарымызға 13 жасар қыз бала қосылды. Командамызға қоғамға пайдасын тигізсем деген кез келген адамды қабылдаймыз. АҚШ-та волонтерлер қатарында көбінде зейнеткерлер болса, біздің елде еріктілер жұмысына жастар ниетті. Өйткені, бізде, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында туған жастар, болашағы тек өзіне байланысты екеніне сенеді. Біз әр апта сайын сенбілікке шығамыз. Онда да жастар өте белсенді. Ардагерлермен кездесуге барғанда, көбі олардың әңгімесін қызыға тыңдайды. Осы саладағы бірнеше жылғы тәжірибеме сүйеніп, айта аламын: қазіргі жастар көп нәрсені өздері өзгерте алады, менің бұған көзім жетті», - дейді Динара.

Оның айтуынша, Қазақстанға қазіргі уақытта аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арналған, мүгедектігі бар адамдарға арналған волонтерлік жобалар өте қажет.

Бұған дейін хабарланғандай, 2020 жыл Қазақстанда «Волонтерлер жылы» деп жарияланды. «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы аясында қыркүйек айында студенттердің қоғамдық қызметіне ақы төлеуге мүмкіндік беретін сайт іске қосылды. «Біз тексеруден өткен барлық еріктілер ұйымдары тіркелген сайтты іске қостық. Енді отандық ЖОО-да оқитын әрбір студент онда тіркеліп, осы жобаға қатысуға құқылы. Сол сияқты, бұл сайт арқылы көптеген ұйымдар өздеріне волонтер таба алады, - деп хабарлаған болатын ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Айта кетейік, аталған жобаға сәйкес, студенттерге келісілген пәндер бойынша екі түрлі ваучер ұсынылады: 2 және 5 кредиттік ваучер. Бұл – 20 немесе 50 сағаттық волонтерлік қызмет және оған сағатына 1 000 теңгеден төленеді. Бұл жобаға қатысатын студенттер санын үш жылда 20 мыңға жеткізу жоспарланған. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, әлеуметтік студенттік ваучер төмендегі бағыттар бойынша әлеуметтік пайдалы қызметпен айналысатын студенттерге беріледі:

1) инклюзивті білім беру;

2) қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауат­тылықтан қосымша сабақ беру;

3) девианттық мінез-құлқы бар кә­мелетке толмаған балалармен жұ­мыс істеу;

4) аула және спорт клубтарын ұйымдастыру;

5) егде жас­тағы адамдармен әлеуметтік жұмыс.

Мейірім БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda