KZ

«КҮНШУАҚ» БАЛАЛАР МЕКЕНІ

Астана тұрғындары мұндағы инклюзиялық ойын алаңдарын арнайы іздеп баруға кет әрі емес. Бұл алаңдар балаларының жағдайын ойлаған ата-аналардың көңілінен шығып отырса керек.
Нұр-Сұлтан қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзиялық екі ойын алаңы бар. Олардың біреуі биыл – 2019 жылдың жазында ашылды. Шығынның ауқымды бөлігін Қазақстандағы АҚШ елшілігі көтеріп берді.
Елордамыздың орталығында ашылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алаңға денсаулығы қалыпты балалар да көптеп келеді. «Атырау көпірі» маңындағы саябақта серуен құрған ата-аналар бұған шын көңілмен қуанып та отыр.
«Бұл алаңды кездейсоқ тауып алдық. Жолдасым өтіп бара жатып, балалар үшін жайлы ойын алаңы ашылғанын көріпті. Соны айтып, қуанып келді бір күні. Содан бері демалыс сайын баламызды осында әкеліп ойнатамыз», - дейді саябақта серуендеп жүрген астаналық тұрғын Динара Сәду.

Бұл алаң әу бастан мүмкіндігі шектеулі балалардың қажетін ескеріп салынғанын, «уақыт өте барып қана байқадым» дейді жас ана. Жаңа алаң бірден сәбиге де, өзіне де қатты ұнағаны соншалық, «осында келіп тынығуды әдет еттік» дейді ол.
20 қараша – Дүниежүзілік балалар күні. Бұл атаулы күнді Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1954 жылы жария еткен болатын.

Әлем бойынша барлық балалардың амандығын, саулығын қамтамасыз етуге бағытталған Дүниежүзілік балалар күні – балалардың әлемдік деңгейде бірін-бірі өзара түсінісіп, бауырласу күні деп көрсетілген ресми құжатта.

20 қараша – балалардың құқығы мәселелері бойынша маңызды меже саналады. Бұл күні, яғни 20 қарашада – 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Бала құқықтары туралы Декларациясын, ал 1989 жылы – Балалардың құқығы туралы конвенцияны қабылдады.
«Мұндағы әткеншектер де ерекше. Бала құлап қалса да жарақат алмайды. Ойын құралдары да аса биік емес. Жақын маңда жоғары жылдамдықпен «ұшып» бара жатқан көліктер де жоқ. Таяу маңда ересектерге арналған жаттығу құралдары да бар», - дейді Динара Сәду.

Жас ана бұған дейін оң жағалаудағы «Жетісу» саябағына барып, баласын сонда ойнатып жүрген. Алайда, сауда алаңдары жиі орналасқандықтан, адам да көп – баламен жүруге қолайсыз деп отыр Динара.

«Мына алаңдағы тазалық та көңілге қонымды. Мәселен, біздің үйдің ауласындағы балалар алаңынан үнемі бөтелке сынықтарын, темекі қалдықтарын жинап жүремін. Ойын баласы әйнекті ұстап қалып, қолын кесіп алмаса дейсің. Құлап кетіп, жарақат алып қалмаса болар еді деп уайымға батасың», - дейді жас ана. Ал инклюзиялық ойын алаңына келгелі, бәрі ойдағыдай, ол тіпті, құрбыларына да балаларын осында әкелуге кеңес беріпті.

«Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алаңды еш жерден көрмеген екенмін», - деген Динараның жолдасы Ардақ Шаяхметов: «Ата-ана қашанда баласының жағдайын ойлайды, меніңше, бұл алаң бүгінде біздің ауданда қай бала үшін де қолайлы әрі теңдессіз орын. Балалар да жас күнінен бір-бірімен араласып, үйренісіп кетеді» дегенді алға тартады.
Психолог мамандардың айтуынша, инклюзиялық ойын алаңдарында бір-бірімен еркін араласып өскен балалар, яғни, мүмкіндігі шектеулі және денсаулығы қалыпты балалар – жастайынан бір-бірін танып, біліп, бір-бірінің бойындағы ерекшеліктерге көздері үйреніп кетеді. Осылайша, өсе келе, олар бір-бірінің бойынан кемшілік, мін іздемей өседі. Әрине, бұл арада балалардың ата-аналары да мейлінше төзімділік, ұқыптылық таныта білуі керек.

Мүмкіндігі шектеулі, не дамуында ерекшелік көріністері бар балалардың мінез-құлқы да өзгешелеу болып келетінін ескеру қажет. Бұл арада, балалардан бұрын, ең алдымен, ата-аналардың өзара тіл табысып, түсінісе білуі де өте маңызды, дейді психолог мамандар...
«Күншуақ» инклюзиялық ойын алаңы Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында 2019 жылдың жазында ашылған болатын. Қазақстандағы АҚШ Елшісі Уильям Мозер мырза, барлық адамға олардың қабілеттеріне қарамастан қолдау көрсету керектігіне назар аудара отырып, АҚШ елшілігі инклюзиялық жобаларды басымды бағыт санайтынын және мұндай жобаларды тұрақты түрде гранттық бағдарламалар аясында қолдайтындарын ескертті. «Бүгінде, ғаламдық деңгейде алғанда кім де болса артта қалмауы керек. Бұл, әсіресе, біздің елдеріміздің болашағы болып табылатын кішкентай балалардың дамуы туралы сөз қозғағанда есте сақтайтын басты мәселе», - дейді Мозер мырза.
Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, балаларға арналған инклюзиялық ойын алаңының жобасы «Ротари-клуб Астана» қоғамдық ұйымымен бірлесе отырып жүзеге асырылған. Балалардың физикалық, ақыл-ой және әлеуметтік дамуына көмектесуге арналған алаң үшін Есіл ауданы әкімдігі 800 шаршы метр жер бөлген. Ойын алаңында 15 түрлі қондырғы, соның ішінде мүгедектер арбасы еркін қозғала алатын ойын кешендері қарастырылған.

Ресми деректерге сүйенсек, жоба құны 15,5 млн теңгені құраған. Оның 9,5 млн теңгесін Қазақстандағы АҚШ елшілігі грант түрінде бөлген. Айтқандай, балаларға арналған мұндай ерекше алаң Нұр-Сұлтан қаласының өзге ауданында да бар. 1382 шаршы метрлік алғашқы инклюзивті алаң «Қазақстан» спорт сарайы маңында орналасқан.

Асқар АҚТІІЛЕУ, Нұр-Сұлтан қаласынан

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda