KZ

ЖАҢА БУЫННАН ЖАҢАШЫЛ ИДЕЯ

Отандық төлем жүйесінде жаңа буын банкоматтарын қолдануды ұсынған Biometric.kz әлемдік деңгейдегі байқау жеңімпазы атанып, 2020 жылы Лозаннада (Швейцария) өтетін Seedstars жаһандық саммитіне қатысуға жолдама алды.
Seedstars саммиті биыл қараша айында Елордада Нұр-Сұлтан әкімі және «Astana Innovations» АҚ қолдауымен өткізілген болатын. «Кез келген стартап шараның басты мақсаты – жастарға табысты бизнес құруды үйретіп, оларға ішкі және сыртқы нарықтарға шығуға жол ашу», - деген «Астана Innovations» АҚ баспасөз-хатшысы Әсел ӘЛІМХАНОВА, Швейцарияда өтетін жаһандық саммитке Қазақстанның атынан стартап жобалар байқауының жеңімпазы Biometric командасы қатысады деп хабарлады.
Айта кету керек, Seedstars – дамушы нарықтардағы озық стартап-қауымдастық әрі инвестор. 2019 жылдың қарашасында аталған қауымдастықтың «Seedstars Summit CEE 2019» аймақтық саммиті Нұр-Сұлтан қаласында өтіп, онда бизнесті дамыту мақсатындағы стартап-жобалар байқауының қорытындысы жария етілді.

Әлемнің 20 елінен 250-ден астам стартапшыларды жинаған саммит аясындағы байқау нәтижесі бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядан 8 команда жеңімпаз деп танылды. Оның ішінде қазақстандық Biometric және Армения, Грузия, Латвия, Моңғолия, Ресей, Украина командалары да бар.
«Лозаннаға аттанатын командалар енді әлемнің 60-тан астам стартапшыларымен бірге өз идеяларын Seedstars қоғамдастығының бас сахнасында көрсетумен қатар, акционерлік капиталға 500 000 АҚШ долларына дейін инвестиция жеңіп алуға мүмкіндік алды», - дейді «Астана Innovations» баспасөз-хатшысы.

Seedstars байқауына Қазақстанның Biometric командасы – адамның бет-әлпетін тану технологиясына негізделген қолма-қол жылдам несие беретін банкоматтар жобасын ұсынды. Бұл жоба клиентке кассир не банк қызметкерінің көмегінсіз қаржы операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

ІТ саласы сарапшыларының түсіндіруінше, бұл үшін алдымен клиент банкомат иесі болып табылатын банкке не компанияға өзінің биометрикалық мәліметтерін табыс етуі керек. Өз кезегінде бұл мәліметтер арнайы базаға енгізіліп, төлем карточкасымен не есеп шотпен теңдестіріледі. Сөйтіп, клиент қолма-қол жылдам несие алуға келгенде, терминал оны верификациядан өткізіп, тексеріп, терминалдағы видеомен және клиенттің төлқұжатындағы фотосуретімен салыстырып, қажетті оперцияны орындауға рұқсат береді.

Сарапшылардың айтуынша, қаржы маманын қажет етпейтін мұндай жаңа буын банкоматтары әсіресе қосымша штат ұстауға мүмкіндігі жоқ шағын және орта бизнес өкілдері үшін тиімді болмақ, мысалға микрокредит ұйымдарына. Бірақ, бұл үшін, ең алдымен, заңды және техникалық негіз болуы тиіс. Мәселен, көрші Ресейде 2018 жылдың шілде айынан жалпыресейлік Биометрикалық бірыңғай жүйе жұмыс істейді. Бірақ бұл жүйе әзірше банкоматтарды қамти қойған жоқ.

Бүгінгі таңда биометрикалық банкоматтар Түркияда, Польшада, Нигерияда, Бразилияда, Жапонияда және басқа да бірқатар елдерде қолданысқа енгізілген. 2012 жылдың қыркүйек айында жапондық Ogaki Kyoritsy банкі төлем карточкасын қажет етпейтін алғашқы банкоматты іске қосты. Аталған терминал арқылы қаржылық операция орындау үшін банк клиенті банкоматтағы сканерге алақанын жақындатып, туған күні туралы мәлімет пен ПИН-код енгізуі керек. Бүгінде Жапонияда шамамен 80 мыңдай биометрикалық банкомат жұмыс істейді.

Аружан КЕМЕР

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda