KZ

КҮШІН БІЛМЕГЕН...
КӘСІБИ ШАРШАУҒА ЖОЛ БЕРМЕУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Кәсіби тұрғыда дағдарысқа тіреліп, қажып-шаршау, мансап жолында тұйыққа тірелу – кәсіби психологтар мен карьера құру жөніндегі кеңесшілердің айтуынша, өз кәсібіне бастан-аяқ беріліп, демалыссыз жұмыс істеген адам, күндердің күнінде дәл осындай күйзелісті бастан кешеді екен.
Карьера құру жөніндегі кеңесші әрі коуч маман Ирина ЛЮТИКОВА, кәсіби тұрғыда қажып-шаршау феномені әдетте жыл соңында немесе апта аяқталғанда барынша көрініс береді дегенді айтады. Мысалға, ұжым ішіндегі қызметкерлер бір-бірімен ұрсысып, «сыныққа сылтау іздеп», салғаласып, жұмысқа деген ықыласы төмендеп, кінәмшіл болып кетеді. Және де бұл арада мәселе осындай күйзеліске ұшыраған адамның биологиялық жасына немесе практикалық тәжірибесіне қатысты емес.

«Ол, мейлі, басшылық қызметте болсын, мейлі қатардағы қызметкер не жалданбалы жұмыскер болсын, тіпті өз-өзін жұмыспен қамтыған фрилансер болсын – бар өмірі тек жұмыспен ғана «өрнектелген» адам уақыт өте өз ісіне, өз кәсібіне, өз жұмысына көңілі толмай, қажып-шаршап, маңайындағы жұртпен кикілжіңге түсуге дайын тұрады. Және де ол өзінің бұл қылығын, бұл мінезін өзі түйсініп, байқай да бермейді. Мұның салдары кейде, тіпті өмірден түңілуге дейін әкеліп соғуы мүмкін. Бұл арада, ең бастысы мұндай күйге не себеп болғанын дұрыстап анықтау керек. Көп жағдайда бұған басты себеп – ол адамның бар өмірі тек қана жұмыспен шектеліп, оның демалыстан бас тартуынан», - дейді И. Лютикова.
Кәсіби тұрғыда қажып-шаршау деген ұғымға ғалымдар ХІХ ғасырдың өзінде-ақ көңіл бөліп, зерттей бастаған, бірақ ол кезде бұл ұғым кәсіби термин түрінде қалыптаса қойған жоқ. Бұл феномен әсіресе өндіріс ошақтарында кең тараған, яғни белгілі бір кезең аяқталар тұста зауыт-фабрикалардағы жұмысшылар арасында ұрыс-керіс, кикілжің көбейіп, олардың бұл әдеті жұмыс сапасына әсер еткен. Сондықтан да оған түйінді мәселе ретінде бастапқыда өндіріс орындарындағы инженерлер көңіл бөлген.

Кейін бұл мәселеге дәрігерлер мен психологтар да түпкілікті назар аударып, оның себебі мен салдарын зерттей бастайды. Ал «кәсіби тұрғыда қажып-шаршау» деген ұғымның қалыптасуына 1974 жылы американдық психолог Герберт ФРЕЙДЕНБЕРГЕР ықпал етіп, оның себебін адам өз бойындағы күш-қуат пен ресурстарды шектен тыс «жаратып», эмоциялық «қайтарым» болмауынан деп түсіндірген.

Бұл тұрғыда Фрейденберг «эмоциялық таусылу шкаласын» әзірлеп ұсынған. Онда ол кәсіби күйзеліске ұшырауы ықтимал адамның жұмыс және өмір алгоритмін суреттеп, оның болашағына өзіндік болжам жасайды.
Бұл алгоритмді қысқаша былай сипаттауға болады:
  • 1
    Өз кәсібіне, өз жұмысына барынша беріліп, бел шеше кіріскен адам бастапқыда өзінің осынау әрекетінен ләззат алады, ол аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуге әзір тұрады.
  • 2
    Ол маңайындағы жұртқа және, ең алдымен, өзіне «қолымнан бәрі келеді» дегенді дәлелдеуге тырысып бағады. Сөйтіп, бар шаруаны бір өзі атқаруды әдет етді.
  • 3
    Ол өзінің шаршағанын елемей, кеңседе 10-12-14 сағат жұмыс істеп, қалған жұмысты «үйіне алып келеді». Туған-туыстарымен, достарымен әңгімелесіп, сыр шертуден қалады.
  • 4
    Ол тіпті түскі астан да бас тартады, кейде тіпті жұмыстан бір сәт басын көтеріп демалуға, шай не кофе ішуге уақыт «таппайды». Тұла бойы оған «шаршадым» деп белгі бергенімен, ол оны сезбейді, елемейді...
  • 5-6
    Уақыт өте оның жұмыс нәтижесінен шикілік байқалып, ол жұмысқа да, айналасына да немқұраймен қарайтын деңгейге жетеді. Оның жұмысына көңілі толмаған басшылықпен, серіктестерімен, әріптестерімен кикілжіңге түсіп, демалуды ұсынған достарына, жақындарына ренжи бастайды.
  • 7-10
    Оның жұмыс істеуге де, маңайындағы жұртпен аралсуға да мүлдем зауқы жоқ. «Менің қолымнан ештеңе келмейді, мен үшін бәрібір ештеңе өзгермейді» деген пікір маза бермейді.
  • 11-12
    Ол іштей өзінің әбден қажып, таусылғанын сезінеді. Оның бойын шарасыздық жайлап, ол өз өмірін мағынасыз, бекер тірлік деп ойлайды. Ол үшін үміт сәулесі көмескілене түседі. Бұл елеулі күйзелістің, яғни депрессияның көрінісі. Мұның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ол тіпті өз өмірімен қоштасу туралы да ойлана бастайды.
Карьера құру жөніндегі кеңесші әрі коуч маман Ирина Лютикова, кәсіби тұрғыда қажып-шаршау феноменіне жедел өмір ырғағы, яғни адамның «бәріне де үлгеруім керек» деген ұстанымы себеп. «Бұл синдромның бастапқы көрінісі әртүрлі болуы мүмкін, мысалға, адам ойламаған жерден күйгелектік танытып, ашуланшақ, кінәмшіл болып кетеді. Ұйқыдан қалады, кейде, бірақ, керісінше: ұйқы басып, ұйқылы-ояу қалыпта жүреді. Көпшілік бұл симптомдарды депрессия деп қабылдайды, ал шындап келгенде бұл кәсіби тұрғыда қажып-шаршаудың сипаты болуы мүмкін. Бұл арада уақыт тауып, демала білген жөн. Қысқа мерзімге болса да бой жазып, мысалға, табиғат баурайында демалу, спортпен шұғылдану, өмір салтын өзгерту – осының бәрі тығырықтан шығуға жол ашады», - дейді И. Лютикова.

Психолог Жұлдыз ТӨЛЕУ, кәсби тұрғыда қажып-шаршау немесе эмоциялық таусылу әсіресе мегаполис тұрғындарына тән деген пікірде. «Бұл –психологиялық стресс. Ондай адам өз-өзін дереу қолға алмаса, оның соңы психосоматикаға ұласып, дертке шалдығуы мүмкін», - дейді ол.

Адам не себептен эмоциялық тұрғыда күйіп, қайраты таусылады? Психолог маманның пікірінше, мегополисте адамдарды қызықтыратын дүние өте көп, ол, сондай-ақ үнемі бәсекеде болуы тиіс. «Қазір технологиялар заманында көп дүние күнде өзгеріп жатыр. Адам соның бәрін игеруге, үйренуге ұмтылады. Бұл да қосымша күш, ресурс жұмсауды қажет етеді. Осының бәрі адамға өзіне жоғары талап қоюды міндеттейді», - дейді Ж. Төлеу.

Оның сыртында, ірі қалаларда көп адамдар бірнеше жерде жұмыс істеп, бәріне үлгеруге асығады. «Олар үнемі айналасындағы жұртқа жақсы көрініп, өзінің негативті эмоцияларын жасыруға тырысады. Тек позитивті ойлау да күндердің күнінде қажып-шаршауға алып келеді», - дейді психолог маман.

Психологтың түсіндіруінше, адам өз бойынан қажып-шаршау симптомдарын байқаған сәтте, бәрін ысырып қойып, бір-екі апта демалу керек. «Мүмкін болса, психологқа жүгінгені дұрыс. Егер бұл кезеңде өзіне мән бермесе, адамның соңғы күші таусылып, депрессияға түседі. Күні бойы жата береді, ешқайда шықпайды. Депрессияның соңы ауыр дертке, не суицидке апарып соғады. Әдетте адам депрессияға түскенде, бала кезінде алған жан жарақаты да ашылып кетеді. Бұл кезде дер кезінде психолог маманға бармаса, адам психотикалық күйге түсіп, психикалық ауруға душар болуы мүмкін», - деп ескертеді Ж. Төлеу.

Кәсіби тұрғыда қажып-шаршаудың алдын алу үшін не істеу керек? Бұл сұраққа біздің мамандар берген жауап бір жерден шықты. Яғни, шаршаудың алғашқы белгілерін байқаған кезден, дереу демалысқа аттанған жөн. Апта ішіндегі демалыс күндері міндетті түрде өзіне көңіл бөлген дұрыс: үй шаруасын да, кәсіби жұмысты да ығыстырып, таза ауаға демалуға, серуендеуге шығу керек. Жұмыс арасында міндетті түрде өзінің сүйікті ісімен, хоббимен айналысып, бала кездегі арманын (ән айту, билеу, бассейнге бару, кесте тігу т.б.) жүзеге асыруға болады.

«Бұл сізге міндетті түрде қуаныш сыйлайды, байқап көріңіз», - дейді психолог Жұлдыз Төлеу.

Аружан КЕМЕР

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda