Биометриялық технологиялар адамды бір немесе бірнеше физикалық және мінез-құлық белгілері арқылы тануға негізделген. Яғни, сканер, сенсор сынды арнайы құрылғыларға адамның биометрикалық мәліметтері енгізіліп, бұл жүйе өзіндегі ақпаратты цифрлық код түрінде сақтайды. Мысалға, адамның саусақ ізін не басқа да биометрикалық материалын. Сөйтіп, айталық, адам кедендік бақылаудан өткенде не банкоматтан ақша алғанда саусағын не алақанын сканерге салып, өзінің биометрикалық мәліметіндегі кодпен сәйкестендіреді.
Бүгінде биометрикалық мәліметтер қатарына адамның саусақ және алақан ізімен қатар, бет-пішінін (фотосуреті), көз қарашығын, қан көрсеткішін, ДНҚ материалын, дауысын жатқызуға болады. Дүние жүзіндегі ең ірі биометрикалық сәйкестендіру жүйесі деп Үндістанның Aadhar жүйесі танылған. 2018 жылдың басындағы мәлімет бойынша, бұл жүйеге Үндістанның кәмелетке толған азаматтарының 99%-тен астамының биометрикалық мәліметтері (саусақ ізі, көз қарашығы, фотосуреттері) мен жеке басына қатысты мәліметтері енгізілген.
Биометрия технологиялары әсіресе банк жүйесі, жалпы, қаржы-қаражат саласы үшін айтарлықтай өзекті. Отандық банктердің бірінде қауіпсіздік мәселесімен айналысатын ІТ-маманның айтуынша, бұл арада, ең бастысы, банк клиенттерін алаяқтардан қорғау деген мақсат жатыр. «Әккі хаккер банк карточкасындағы ПИН-кодты еңсеруге жол табуы мүмкін, алайда адамның биометрикалық мәліметтерін (ал ол бір емес, бірнеше жолмен шифрлануы да мүмкін ғой) «аттап өту» қиынға соғады», - дейді ІТ саласының маманы.
Биометрия қаржы мамандары үшін төтенше жағдайларда өз клиенттерін сәйкестендіріп, тану үшін де таптырмас технология саналады. Мысалға, 2011 жылы Жапониядағы цунами салдарында көптеген адамдар өздерінің төлқұжаттарын, банктік карточкаларын жоғалтып алып, есеп шоттарындағы ақшаға қол жеткізу үшін әбден сергелдеңге түскен. Осыдан кейін жапондар өз азаматтары үшін бірыңғай биометриялық жүйе қалыптастыру қажет деп тапқан.
Төлем жүйесінде кең танымал Samsung Pay, Android Pay, Apple Pay сынды төлем сервистерінің қолданушылары бүгінде дүние жүзінде жетіп асады. Бұл сервистер өз қолданушыларын смартфондағы саусақ ізі негізінде сәйкестендіреді. Ал, мысалға, көрші Ресейде кассадағы бейнекамераға қарау негізінде төлем жасауға болатын кафелер де бар. Бұл жүйе төлем жасаушы клиентті тануы үшін қолданыстағы құрылғыға (мысалға, смартфонға) алдын ала арнайы қосымшаны жүктеп, оған банк карточкасындағы мәлімет пен өз фотосуретіңізді енгізу керек болады.
ХХІ ғасырда мұндай жүйелер біздің күнделікті өмірімізге біртіндеп те, дендеп те еніп жатыр. Соған сәйкес қарапайым жұрт та мұндай жаңалықтарға күдікпен қарап, сенімсіздік туындап жататыны белгілі. Десек те, ІТ саласының мамандары, биометрикалық мәліметтер әдетте «бірнеше деңгейлі қорғау жүйелерімен қамтылып, қорғалады», сондықтан оларға «оңай қол жеткізу мүмкін емес» дегенді алға тартады.
«Биометрикалық қорғау жүйесінде адамның дауысы, саусақ ізі, көз қарашығы бәрі бірге қолданылады. Бұл жүйеге кім болса соның қолы жете бермейді, жүйе ішіндегі қорғаныш деңгейлері өте жоғары. Оның сыртында, қаржы мекемесі өз клиенттерінің биометрикалық мәліметтерін тек клиент ресми келісім берсе ғана қолдана алады», - дейді ІТ саласының мамандары.
Аружан КЕМЕР